Бекболат Асанов. Өлеңдер.

Қыздарға хат.


Қаталдықтың қапсырып мұз-жалынан,
Өктемдіктің ықпаған ызғарынан.
Жаралғандай батылдық әлемдегі
Қара көзді қазақтың қыздарынан.
Оталмастан өссін деп ертеңгі орман,
Желтоқсанға желбіреп желкен болған.
Айналайын, айналдым қара көздер,
Аман-есен жүріңдер селтең қолдан.
Қызды қойып, ер жігіт нені ішпеді.
Сұрқай заман бәрін де тегістеді.
Теңдік үшін бір кезде Ленинмен,
Рысқұлдың Тұрары келіспеді.
Келіспеді, тарланым, аласұрды,
Ажал ашты арасын таласудың,
Он жетінші жылдары көктен түскен,
Халық болдық содан соң бала сынды.
Ленинді өстік біз атамыз деп,
Саясында сайрандап жатамыз деп.
Қарсы келген дұшпанды қақ жүректен,
Оң-солына қарамай атамыз деп.
Қаталдықтың торына түстік сөйтіп,
Туа сала мылтық пен бақан іздеп.
Бақыт бар деп көз салдық болашақта,
Ақылдыны мінгізіп ағаш атқа.
Көлеңкеге мәз болдық көрінбеді ол,
Көсемдерді алтынға орасақ та.
Бәрі құрысын, қыздар-ау, бәрі құрысын,
Басынғанды тұзың мен дәмің ұрсын.
Тәуелсіз ел болдық деп тоқ тартқанмен,
Жетім бұрыш жағалап әлі жүрсің.
Аңсайсың сен, келеді ана болғың,
Ана болып, біреуге пана болғың.
Баспақшылсың басыңда баспана жоқ.
Құмға сіңген судай боп барады ол мұң,
Қыздар жоқта қайсыбір сәніміз бар,
Сәніміздің қарыса тәнін ызғар.
Жігіттерден жігер мен жете кетсе,
Кімге пана болады кәрі қыздар.
Сөйте тұра біреулер сын айтады,
Сын айтады, қыздарды мұңайтады.
Өз жұртына аясы, саясы жоқ,
Тозған еліміз дегенді кім айтады.
Болашаққа тағы да сенеміз бе,
Тағдыр қатал қарайды неге бізге.
Махамбетті, Абайды жас бесіктен,
Көрмейміз бе, кім білсін, көреміз бе.
Қыздар, қыздар, арулар, ақ маңдайлар,
Өздеріңнен тумай ма қақ пайғамбар.
Ойы озық ақынның қолы қысқа,
Ойлай-ойлай дөңбекшіп жатқан жай бар,
Желтоқсанда мұң сеңі ақтарылды,
Ақтарылды, бір шындық атқа мінді.
Жендет еді ел басың түсінбеді,
Әділетті әспеттеп жатқаныңды.
Зәрін төкті фашистік ызғар ғана,
Күрек сілтеп, ит қосты қыздарға олар,
Қыр көрсетті болашақ зұламатқа,
Ішімізден өзіміз жүз қарғаған.
О, арулар, сендерде сезім бөлек,
Ойлап тұрсам опынған кезің де көп,
Кім біледі, тірлікте түйткіл басым,
Бәлкім бізге үй емес, төзім керек.
Бәлкім біздің өмірдің мәні бөлек,
Қыздары өссе елінің сәні де ерек.
Төзе-төзе таусылған халық едік,
Мүмкін бізге желтоқсан тағы керек.
Бізге бүгін не керек, бәрі керек,
Тамақ керек, үй керек, дәрі керек.
Бәрі керек, бәрінен де қазаққа ұрпақ керек,
Еңірейтін ел десе жаны бөлек.
Ұрпақ керек, жоқ оған қанағатым,
Тайғақтан да тар жолды таба алатын.
Арулары қазақтың еске ала жүр,
Жаны ауырған ақынның аманатын.




Өмір сүргім келеді.

Қарсы ал Отан ұсынам,
Жүрегімнің өлеңін,
Көңіл құсын ұшырам,
Тілегімді беремін.

Қуанышпен айғайлап,
Дабыл қаққым келеді.
Келешегім  бал қаймақ
Дәмін татқым келеді.

Жүрегімнен қиырға,
Жалынды атқым келеді,
Қой-жылқы ма, сиыр ма? 
Бәрін баққым келеді.

Алыс арман шақырып,
Тың қопарғым келеді,
Ракета боп атылып,
Күнде от алғым келеді.

Көгершін боп жер бетін
Айнала өткім келеді,
Космостың ең шетін,
Жайлау еткім келеді.

Алауласа жанаттап,
Таңды сүйгім келеді,
Жүрегі пәк, жаны әппақ,
Жанды сүйгім келеді.

Тыныштықтың жауларын
Қалтыратқым келеді.
Болжамай-ақ аумағын,
Тау құлатқым келеді.

О, туған ел дарыным,
Самал желдің кені еді.
Жастығымның жалынын
Саған бергім келеді.

Өлең деген өңірде,
Егіншіңмін мен енді.
Еңбек етіп менің де,
Өмір сүргім келеді.

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Қытай елінің мақалдары.