Ләйлә Сұлтанқызы. Менің екінші кітабым.

          Екі мың он жетінші жылы ең бірінші оқыған кітабым - Ләйлә Сұлтанқызының "Менің екінші кітабым" атты туындысы болды. 
 
Ләйлә Сұлтанқызының "Әйел бақыты" атты бағдарламасын, тіпті Ләйләнің тележүргізуші екенін білмедім. Кітаптың сыртына қарап, "жас қыз заманауи кітапты қазақша шығарыпты, қолдау керек" деген оймен сатып алдым. Сөйтсем, Ләйлә деген - бұрын (өте бұрын!) "Superstar KZ" атты әншілер конкурсында қазылар алқасы арасында қазақша сөйлеп қоймаған әйел екен! Ләйлә ханым қалай ғана қартаймаған деп таң қалып едім, кітаптың сыртындағы сурет тележүргізушінің өзгергеннен кейінгі суреті екен (жазушының өзгерістері туралы кітапта айтылады).
Айтып кету керек, бұл - Ләйлә Сұлтанқызының әдебиет саласындағы бірінші туындысы. Дегенмен, автор жеке күнделігін бірінші кітабы санап, мына кітапқа сол себептен "екінші кітап" деп ат қойыпты. Шымкенттің қызы болғандықтан, кітаптың тұсаукесері де туған қаласында орын алды. 
Кітаптың мазмұнына келетін болсақ, автор өзі туралы сонау әжесінен бастап баяндайды. Ләйләнің кішкентай кезі туралы үзінділер өте қызықты. Әжесі, әкесі, анасы туралы өте шынайы жазылғаны таңдандырды. Жиырма жеті жасына дейін өзіне разы болмағаны үшін жарын таба алмай, соңында ажырасқан, өзінен үлкенірек кісіге жолыққанын да жазушы ашық айтып береді. Шыны керек, осы жерге дейін кітап маған ұнады. Дегенмен, Ләйлә Сұлтанқызының үйленгеннен кейін қатты өзгеріп кеткені көңілімді түсірді.

"Менің екінші кітабым" - бұл мен оқыған ең антифеминистік кітаптардың бірі.
Ләйлә өзінің тәрбиесімен, қазақылығымен ерекше болса да, кейде танымал тележүргізушінің ескі құндылықтарға құмарлығы артық болып отырды. Мәселен, автордың ойынша, бұрынғы кезде адамдар жақсырақ, ақылдырақ, мықтырақ болды, ал өмірдің мәні - тереңірек. 
Ал ең бастысы, жазушы мынандай үш зат айтады:
1. Егер оның күйеуі басқа қызға артық қарап қалса, немесе мақтаса, Ләйлә сол қыздың кемшіліктерін іздеумен болады екен. "Сұлуы сұлу, бірақ, киімі жараспай тұр/шашы онша емес" деп, ана қызды түсіреді екен. Бұл әдістің қаншалықты бұрыс екенін, сонымен қатар, осы әдісті жас қыздарға кеңес ретінде келтіруінің қаншалықты қауіпті екенін түсіндіріп бастағым да келмейді. Түсінгені түсінер.
2. Кітапта "Құдайдың алдында ерлер кешірімді, ал әйелдер кешірімсіз" (кітаптан алынған дәл сөздер емес, есімде қалғанын жаздым) деген Ләйләнің феноменалды сөздері бар. Бір жағынан, Ләйләнікі дұрыс шығар. Олай болса, дін ерлер үшін тым тиімді емес пе?..
3. Бұл енді ең үлкен нонсенс. Ләйлә Сұлтанқызы шығармасында бірнеше рет "әйел - бұл тек объект. Біздің мақсатымыз - сұлу болу" дейді. Ең қызықтысы, феминизм өріс алып жатқан әлемде өмір сүріп отырып, Ләйлә Сұлтанқызы қалай ғана ақылды әйелдердің сол аталмыш объективизациядан қарсы екенін байқамай қалған? Өмірдің мәні - тек сырттай әдемі болу болса, маған ол өмір ұнамайды. 

Әрине, кітап жақсы ғой. Көп тұстары маған қаншалықты ұнаса, жоғарыда көрсетілген тұстары соншалықты наразылық тудырды. Кітаптың басқа минустарына тоқталсақ, кітаптың безендіруі мүлде көңілімнен шықпады: мұқабадағы жасөспірімдей түскен суреттен бастап, күлгін түсті дәйексөздерге дейін (кейбіреуін оқу қиынға соқты). Кітаптың ішінде Ләйләнің сондай тамаша суреттері болды, соның бірін неге кітаптың сыртына қоймады екен...
Кітап 3500 теңге шамасында тұрса да, сапасы нашарлау. Әр бетін оқып жатқанда ашық күйінде қалдырып кете алмайсың, сол парақ түсіп қалады (менде кейбір парақтар босап қалды).

Жазушының инстаграмдағы жазбасына сенетін болсақ, ол болашақта арықтау туралы кітап жазбақ екен. Кітапта қаншалықты антифеминистік трэш көп болатынын жүрегім сезуде, сондықтан, екінші кітапты алмай-ақ қоямын (арықтағым-ақ келсе де).

Жаман айтпай жақсы жоқ: Ләйлә Сұлтанқызы ана тілін өте жоғары дәрежеде меңгереді, бұл "Superstar KZ" жобасы кезінен бері мәлім. Автор қандай тамаша жазады! Оның кейде қарапайым, кейде күлкілі, кейде терең заттарды мінсіз жазғанына мен қатты қызықтым. Тілді осылай жақсы білсем ғой деп қалдым.

Осының бәрін ескеріп отырып, мен кітапқа 7 деген баға беремін.
 
ПС. Бұл блог болашақта кішкене болсын, танымал болуында күмәнім жоқ. Сондықтан, мына жазба тым қатал болса, жазушыдан да, кітапты сүйіп оқыған оқырмандардан да кешірім сұраймын.  
Уақытымды бөліп оқыған туындыға мен өз субъективті бағамды беруге құқылымын деп сенемін.

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Жарты жылда оқыған кітаптарым.