Бақытжан Бұқарбай: Күміс кітап.

Қазірден бастап немереңізге сыйлауға лайық кітаптарды жинай беріңіз.

"Күміс кітап" - бұл жылына жүзге жуық кітап оқитын Бақытжан Бұқарбайдың кітап, жастар, еліміздің болашағы туралы пайымдаған шығармаларының жиынтығы. 
Менің бүгінгі девизім - әр, ӘР ақылды қазақ, айтары бар қазақ - кітап жазу керек. 
 Ал сіздер жылына жүз кітап оқитын көп қазақ білесіз бе? Жүзді қойшы, ең көп дегенде отыз кітап оқитын маған елдер аң-таң болып жатады. Әрине, осы бір факт үшін менің авторға көңілім бірдден ауды. 
Бақытжан Бұқарбай - саясаттанушы, блогер, суретші және қазақ тілінің жанашыры, сегіз қырлы, бір сырлы еліміздің азаматы. "Күміс кітапты" Бақытжан он алты күнде жазып бітіріпті. Бұл кітапта жазушы кішкентайынан кітап оқуға құмарлығы жайында және оған ықпал еткен кісілер/оқиғалар жайында баяндайды. Шығарма қазақ жастарынана байланысты автордың мұңына толы, дегенмен, Бақытжанның еліне деген сүйіспеншілігі бірден сезіледі. 
Өз басым автордың көп ізденіп тапқан кітаптарын оқығандағы рахаты туралы үзінділерді және кітап жазуға талпынысы туралы бөлімдерін үлкен құштарлықпен оқыдым. Ал жазушы басқаларға кітапты неге "оқи тұруға" бермейтіндігі, кітапты оны оқитын кісіден артық ешкім бағалай алмайтыны туралы бөлімді оқыған кезде тіпті елжіреп кеттім :) 

Қысқасы, кітап керемет! Мен енді бұл кітапты әр жас қазаққа оқы деп ұсынатын боламын.

Кітапта тек екі минус бар: бір жерінде (14-ші бетте, қателеспесем), Бақытжан facebook сайтынан алынған, дәлелі жоқ нәрсені жазады (әйгілі психологтар шынайы өмірде бақытсыз екені жайында). Он алты күнде асығып жазылған болса да, киелі зат - кітапты жазып отырғаннан кейін, оның ішіндегі әр затты ең алдымен зерттеп алып, сосын ғана қағаз бетіне түсіру керек деп ойлаймын.
Екіншісі: редактордың жұмысы нашарлау (Ләйлә Сұлтанқызының кітабында да солай болған). Екі бөлек сөз бірге жазылып кеткен жерлері болды.

Бұған қарамастан, мен кітапқа 10 деген баға берем.

ПС. Кітап туралы пікірін Мақпал Жұмабай (kitap.kz жобасының жетекшісі) ең көркем, шынайы етіп жазған.Сол пікірден үзінді:
"...Күміс кітабын оқи отырып, бұл әлемде Адам мен Кітап қана күн кешетіндей өзгеше күйде боласың. Шағын ғана еңбек сізді өз ұятыңызбен бетпе-бет қалдырады..."

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Жарты жылда оқыған кітаптарым.