Бекболат Асанов: Қыран қонған Алатаудың ұлымын.


   Болсадағы

Жол -- апат, жол -- қайғы,

        Әке сөзін екі етуге болмайды.


Назарларыңызға Асанов Бекболаттың "Қыран қонған Алатаудың ұлымын" атты кітабынан алынған бірнеше сүйікті өлеңдерімді ұсынамын.
Ол кітап -- нағашы атам Асанов Бекболаттың өлеңдері мен поэмалары жинағы, және мен үшін бұл туынды ерекше болып қалмақ, себебі, тек кішкентай кезімде көрген, ғұмыры аз болған атамның сырға толы өлеңдерін оқи отырып, мен ол кісінің күнделігін оқығандай болдым. Ал өзімнің ойларыммен ортақ ойларды оқыған кезде бір үлкен қуанышқа бөлендім.

Талап ету.
Теңдігімді бер менің, теңдігімді,
Естігім де келмейді ендігіңді.
Жалтақтамай ешкімге содан кейін,
Күн көретін халім бар елді-күнді.
Теңдігімді беріңдер, теңдігімді.
Жамандықпен жарылқап жалдамаңдар,
Шын азаттық шындыққа жалғанар нәр.
Туған жерге ту етіп орнатайын,
Аз да болса бабамнан қалған ар бар.
Теңдігімді беріңдер, теңдігімді,
Астамдықпен қай мықты жеңді кімді?
Разы емен күйіме мен бүгінгі,
Көтеретін халім жоқ ендігіңді,
Теңдігімді беріңдер, теңдігімді.
Отыратын құл емес жүресінен,
Терезесі тең ұлан -- ұл өсірем.
Шерубайдай немесе Бауыржандай,
Сусындайтын елінің күресінен.
Теңдігімді беріңдер, теңдігімді,
Оң жағымнан ескендей жел бүгінгі.
Кеше ғана жаласқан ауыздарын,
Жоқтығынан теңдіктің ел бүлінді,
Теңдігімді беріңдер, теңдігімді.
Қыз өсірем ұят пен ардан биік,
Қайтем-қайтем басыма жалғанды үйіп.
Үй тігемін мал толған жайлауыма,
Өз жерімде көктеген талдан қиып.
Теңдігімді беріңдер, теңдігімді,
Разы емен күйіме мен бүгінгі.
Досым болсаң лебізіңді шырақ етіп,
Аялаймын өзімнің елдігімді.
Теңдігімді беріңдер, теңдігімді.



(Бақ табайық)
Ыдыс-аяқ қонақ күтіп шаршасын,
Келе берсін ырыс алып әр жасың.
Бала-шаға, немере мен шөбере,
Мәпелеумен күмістелсін әр шашың.

Сәл қуансам, сәл мұңайсам сезінген,
Айналайын қылдай нәзік сезімнен.
Мейіріммен балаларымды мәпелеп,
Күлімдеген айналайын көзіңнен.

Саған ұнап жатса маған болады,
Қуанта алсам көңіл өсіп қалады.
Қиналмашы, жаным менің жабырқап,
Сен ойлансаң жүрек толқып соғады.


Үзінділер:
Адам боп жүрген көлеңке екен өтірік,
Мазамды алмай қаламды қоя салуға,
Дәрменім жепей, отырмын өзім жекіріп.
Көлеңке болып, көлбеңдеп жүрген күлкілі,
Күнімді ойлап, айқаспай қойды кірпігім.
Өзіме-өзім ренжуменен өтті ғой,
Шын бақыт толып, шалқымай қойды-ау бір күнім.
Жын ұрған жандай жанымды жеумен терледім,
Жаныма жайлы уақытты бір сәт бермедім.
Оқыдым, жаздым, ойландым талай түнеріп,
Өмір-ай! Содан титімдей түйіп көрмедім.
Қайткенде болам жыртығына елдің мен жамау,
Елімнің қайғы-қасірет қамын тартам-ау,
Құрбандық болып қасиетті елдің жолында,
Кетсем деп едім, жетпейді шамам не шара-ау!
Айналып келіп айылды қайта тартамын,
Бар жүкті әкеп жүрекке тиеп артамын.
Шығам деп шыңға жүргенде ойда шырқырап,
Өмірім бітіп кетер ме деп те қорқамын.



Өмір -- тартыс, талас онда, қалыспа.
Өмір -- жарыс, озып шыққан жарыста.
Өмір -- жұмбақ, бас қатырып көп ойлан.
Шешуін тап, жұмбақ сырмен таныс та.
Жалтақтама, кім жақсыдық жасар деп,
Бақытты адам еңбекпенен жасар тек.
Ақылменен істе бәрін адаспай,
Бұйырады кейде саған *бас ал* деп...
Уайымға орын берме көңілден,
Болар жасық адамдар көп жеңілген,
Жасықтарды жаратпайды бұл өмір,
Қалма кейін, қатарыңнан, теңіңнен.
Ертең өтем мен де көптің бірі боп,
Бүгін өртеп, өршеленген өмір от.
Жалын атып, жанып-жанып бітейін.
Қалсам болды, көмір емес, үлі боп.


****
О, менің асқақ тауларым,
Мерейім, күшім сендерсің.
Бұлағың сусын -- саумалым,
Сапырып күнде бергенсің.

Әсемдік деген нәрсенің,
Бәрі де таудан жаралған.
Тауларға тағы бар сенім,
Әркімде таудай бар арман.

Сыйласа, күтсе жерді кім,
Ырысқа жетер, мен сенем,
Мәртебесі мен ерлігін
Тауымен жұртты өлшеген.

Тауларда ғажап тылсым бар,
Сезесің шыңға өрлесең.
Биікке бастап тыншымды ал,
Ырзамын тыным көрмесем.

***

Жырлайды жүрек.
...Жырлайды жүрек, жырлайды менің көктемім.
Маңдайдың терін тегіннен тегін төкпедім.
Жұлқынып шығып, жұлдызға қолды созғанда,
Арманнан биік жоқ дедім.

***

Арман неткен
                       асқар едің, өр едің,
Баурайыңнан басталады өлеңім.
Шығандағы шыңдарыңа жетем деп,
Маңдай терді күнде төгіп келемін.


Тауларым менің -- таусылмас жырым,
Тұрағым,
Сүйемін шыңын,
                            бұлағын,
Желкілдек жасыл құрағын.
Кеудемде менің жатқандай бүгін күй тартып,
Тау суының тегеуіріндей бір ағын.
Тауларым менің --
Табиғи сенім,
Сырласым,
Көтерер көкті, көктемгі ескек тынбасын.
Күндігі дерсің кешегі әзіз ананың.
Ақша бұлттарын, тұмшалап тұрған
                                                            шың басын.
Перзентің екем,
перизат тауым мен сенің,
Екеумізге ортақ -- бақыт пенен
төл сенім.
Анасың абзал
Мейірімі мол ақ шашты,
Емізіп жатқан аспанға шың емшегін.
Төсінде сенің өтті ғой күндер нешеме,
Таулықтарыңның талабын өзің еселе.
Сары жайлауымды сабыр көлдерімен
                                                               суғарып,
Самалым менің,
Самалым менің есе бер.
Шерте бер күйді,
Ұмыт қалған шежірем.
Сен менің арғы
бабаларымның көзі ме ең,
Таулардың шыңын, батырларға тән
                                                            нарлардың,
Өркешіндей сезінем.
Ән тауларым,
күй далам
Кеудесіне,
қойнына
шежіресін жинаған.
Сені маған қан төгіп,
Батыр ұлдар сыйлаған.
Данышпан шың,
Дана құз --
Отырғандай бір-бір ойлы бабамыз.
Ерлігіңнің елесіндей еңселі,
Үзік-үзік әр аңыз.
Сені жырлау -- менің абзал міндетім,
Жүрегімде сырлы бояу суретің.
Ал оқушым,
аңызбенен ашып көр,
Менің өлең -- өмірімнің бір бетін.

Ақынның тағы басқа өлеңдерін мына сілтемеге өтіп оқи аласыздар: Өлеңдер.

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Жарты жылда оқыған кітаптарым.