Керемет кино. Ақан Сатаев.

 Назарларыңызға әйгілі қазақтың режиссері Ақан Сатаевтың ең үздік киноларының тізімін ұсынамын. Рейтинг сіздердің көңілдеріңізден шығады деп үміттенемен :)
Ең жақсы фильм постың соңында, сондықтан, аяғына дейін оқыңыздар.

6. Адасқан, 2009 жыл. Басты рөлде ресейлік актер Андрей Мерзликин. Желі бойынша, басты кейіпкер жол үстінде әйелі мен баласын жоғалтып алады. Отбасын іздеп жүріп кейіпкер жапа-жалғыз тұрған үйде тұратын шал және оның қызына кезігеді. Өте қызықсыз баяндап кеттім, дегенмен, осы үш кейіпкер арасында ерекше әңгімелер мен оқиғалар болады. Желі қызықты, сеніңіз :)
Жалпы, кино өте сапалы. Студент кезімде бұл фильмнен біршама әсер алғанмын. Киноны соңғы орынға қойған себебім - кино орыстың туындысы ретінде қабылданады. Dixi.
8/10.
5. Жаужүрек Мың Бала, 2012 жыл. Тарихи оқиғаны (18 ғасыр) баяндайтын фильм. Басты рөлдерде өте сүйкімді Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, Әлия Ануарбек, Құралай Анарбекова - өте жақсы құрам. 2012 жылы бұл фильм маған ерекше болып көрінетін: қазақтар Сатаевтың көптен күткен туындысына билет алу үшін кезекте тұрғаны есімде. Әрине, мен де бұл ажиотажға берілдім. Ал қазір ойласам - фильм туралы көп нәрсе ұмтылды. Бұл деген фильмде бір де бір терең диалог, әсерлі оқиға болмады деген сөз ғой. Дегенмен, фильм көруге тұрарлық.
7/10
4. Районы (Көше жастары), 2016 жыл. 80-ші жылдардағы Алматы. Басты кейіпкер Арсен Алматы қаласына көшіп келіп, жаңа мектепке қабылданады. Әдеттегідей, жаңа оқушы мектептегі болып жатқан оқиғалардың қақ ортасына түседі. Аудандарға бөліну, кіші мен үлкенге бөліну,- фильм барысында шынымен Алматыда орын алған оқиғаларды тамашалаймыз.
Бұл туындының ең үлкен минусы - фильм тым қысқа. Соған қоса, кинодан шыққаннан кейін менде оқиға қызып бара жатқан кезде үзіліп қалғандай сезім болды. Дегенмен, фильм өте сапалы және көңілден шығарлық. 
8/10.

3. Ағайынды, 2009 жыл. Бұл телесериалды мен Қазақстан арнасында болған ең үздік, ең қарапайым, ең шынайы, ең терең сериал деп айтсам, артық кетпеймін. Ауылда туып өскен үш ағайындылардың өмірі үш түрлі тағдыры туралы баяндайтын фильм. Үш кейіпкер де өте тартымды етіп жасалған. Жалпы, сериал қазақ ауылының болмысын және ауылдан қалаға келген жастардың өмірін шынайы көрсеткен. Мейірімге толы, керемет туынды.
10/10.
2. Рэкетир, 2007 жыл. Рэкетир - аты айтып тұрғандай, 90-шы жылдары Алматы қаласында орын алған шетсіз шексіз былық жайлы фильм. Спортпен айналысқан жастардың кенеттен өмірлерін бұрыс жолға бұрғандардың ішінде басты кейіпкер Саян да бар.
Мектепті бітірген кезімде осы фильм туралы айтпаған адам болмады. Фильм кейіпкерлері Саян мен Русланды білмейтін кісі әлі де жоқ шығар. Ал кейіпкерлердің диалогтарын көп кісі жатқа айтып жүреді (мен - солардың бірі). Иә, бұл фильм қазақ киносындағы ең бірінші жарып шыққан жұлдыз. Мейлі, қазіргі көрерменге фильм сапасыздау болып көрінсе де, Рэкетирдің біздің тарихта орны бөлек :)
8/10

1. Анаға апарар жол, 2016 жыл. Жастайынан анасынан айырылған бала, баласын жоғалтқан ана, сүйіктісін күткен қыз туралы ең керемет фильм! Кеңес өкіметі жаңадан орнаған жылдар, ауыл тұрғындары, жұмыссыздық, әділетсіздік, соғыс... Қандай тағдыр - бір сәтте жарыңнан да, туған балаңнан да айырылу. Сосын өмір бойы, ӨМІР БОЙЫ күту... Мен үшін баласын күткен ана туралы әңгімеден аяныштырақ нәрсе жоқ. Ал осы күтуді терең етіп өнерлі Ақан аға ғана көркем жеткізе алды (отандастарының ішінде). Әр кейіпкері орынды, саналы, әр оқиғасы мағыналы, керемет фильм. Керемет деп айта бердім ғой, тамаша фильм :)
Киноның соңы әр көрерменді елжіретеді.
10/10.
ПС. Басты кейіпкердің рөлін сомдаған актер өте тартымды екен. Өте-өте :)

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Жарты жылда оқыған кітаптарым.