Шыңғыс Мұқан: 10 причин, почему важно знать и говорить на казахском языке.

Қазақ тілін үйренуге уақыт келді :)
2017 жылы оқылған ең өзекті, ең жан-жақты, жүрегіме ең жылы болған кітап - ол Шыңғыс Мұқанның "Қазақ тілін меңгерудің негізгі 10 себебі" (10 причин, почему важно знать и говорить на казахском языке) атты шығармасы болды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесіне арнап шығарған шынайы патриотты кітап 2012 жылы жарық көрді. Кітап орыс тілінде жазылған және ол негізінде қазақ тілін білмейтін қазақтарға, сонымен қатар тілді жетік меңгере алмай жүрген қазақстандықтарға арнап жазған. Бірақ, автордың терең ойларын, керемет талпынысын қазақ тілін білетін, қазақ тіліне жанын арнағандардан жақсырақ кім түсінсін?.. 
Қазақ, орыс, ағылшын, испан тілдерінде сөйлейтін, орыс тілін тек студент кезінде өз бетінше меңгеріп алған жазушы осы бір кітапта қазақтың әдебиетіне де, тарихына да, қазақ тілінің тарихына да, қазақстандықтардың психологиясына да шолу жасайды. Автордың пікірінше, әр саналы қазақ қазақ тілінің болашағына жаны күю керек және мен осы оймен толықтай келісемін және қолдаймын. Мейлі, кітапта келтірілген себептер абстракты, кішкене тривиалды болса да, мен автордың әр сөзіне, әр келтірген мысалына шын жүректен риза болдым. Шыңғыс Мұқанның кітабын оқи отырып, жүрегіме шаттық толды. Кітапта келтірілген он себепті осы жерге жазайын.

Қазақ тілін меңгерудің негізгі 10 себебі:
1. Себебі қазақ тілі - мемлекеттік тіл.
Негізі, бұл ең маңызды әрі негізгі себеп қой. Қазақстанда тұрсаңыз - қазақ тілін білу керексіз. Басқа қай мемлекетте сізге қазақ тілін оқуға мүмкіндік береді?
Шыңғыс Мұқан бұл бөлімде қазақ тілінің ел арасындағы статусы, ана тілін білмейтін қазақтардың тілге деген қарым-қатынасы, олардың тілді білмеулері туралы ойларымен бөліседі.
2. Тілді білсең - іскер/табыскер боласың.
Глобализация заманында тілді білу - адамдардың жүрегіне апарар кілт екенін бәрі біледі. Кішкентай қадамдармен болса да, болашақта елімізде қазақ тілін білетін мамандар талап етілетін болады. Сондықтан, өзің және ұрпағың қазақ тілінде сөйлейтіндей болу керек.
3. Қазақ халқымыз жоғалмауы үшін.
Тіліміз өлсе, қазағымызға не болмақ?..
4. Бабаларымыздың алдындағы борышымыз үшін.
Ата-бабамыз қанша қиыншылық көрсе де, тілімізді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырды. Әсіресе ХХ ғасырдың басында елі және тілі үшін еңбек еткен, еңбектері үшін өлім жазасына қиылған Алаш орда мүшелерінің алдында тілімізге немқұрайлы қараған ұят.
5. Қазақ тілі - болашақ білім құралы.
Ұяда не көрсең - ұшқанда соны ілесің. Қазіргі таңда, үйден бұрын тәрбиені балаға мектеп береді. Ал мемлекетімізде қазақ тілінде оқытатын және тәрбиелейтін мектеп пен балабақшалар саны өсуде. Қазақ тілін білетін абитуриент те тілді білмейтін кешегі оқушыға қарағанда университетке грантқа түсу мүмкіндігі көбірек.
6. Қазақ халқының құрамының өсуі.
Кейбір кісілер кеңес өкіметі құлағалы бері басқа бөлінген мемлекеттер бірден өз тілдерінде сөйлеп кеткені, ал қазақтардың тіл политикасы тым толерантты болуын айтады. Дегенмен, олардың ұмытатын заты: тәуелсіздік алған кезде елімізде қазақтардың құрамы тек 50 пайыз болды. Басқа ұлт өкілдерінің құқықтарына шек қоймау үшін, өкіметіміз екі тілді бірдей алып жүрді. Иә, кейбір кісілер (олардың арасында қазақтар да бар) бұл ситуациядан пайда көргісі келді, тек орысша сөйлеп жүре берді. Дегенмен, қазіргі таңда қазақтардың құрамы өсуде.
7. Достық үшін!
Елімізде тек қазақтар емес, басқа ұлт өкілдері де ана тілі ретінде ұлтының тілін емес, орыс тілін айтады екен. Болашақта Қазақстанда тұратын ұлт өкілдері бір-бірімен қазақша сөйлесіп, сонымен қатар өз ана тілдерін біліп жүру керек.
8. Бір тілді білсең - басқаларын меңгеру оңайырақ.
Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі қыпшақ тілдер тобына кіреді. Қазақ тілін білетін кісі қырғыз, өзбек, ұйғыр, ноғай, татар, және дүние жүзіне әйгілі түрік тілдерін оңай түсініп, тез меңгеріп кете алады.  
9. Сіздің есіміңізді дұрыс атауы үшін.
Момын қазақты бұрыннан бері дұрыс атамай келгенімен қоса (орыстар үшін "киргизы", "кайсаки"), қазақтардың тегін және есімін көптеген жылдар құжат жазып отырған орыстар және ақымақ қазақтар неше-түрлі бұрмалап келген. "Өмір" атты азаматтарымыз "Умер" болып, "Тілекқабыл" атты азаматтарымыз "Телекабель" болып кеткен елден не күтеміз?!.. 
10. Абайды қазақша оқу.
Бұл бөлімде автор қазақ әдебиетінің байлығы жайлы айтады. Ауыз әдебиетінен бастап, қазағымыз осы кезге дейін асыл сөзді қолданып, туған еліне, жеріне деген махаббатын баяндап келген. Ал сол шығармаларды қазақтар оқымаса, немесе орыс тілінде оқыса, онда әдебиетімізден не пайда?.. Ал асыл мұрамызда тек қазақша оқыған адам оның терең мағынасын, көркем қарапайымдылығын түсінер. 

Кітапта келтірілген қоғам қайраткері Екатерина Макееваның пікірі өте ұнады: ол кісінің айтуынша, мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінетін мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемелерінде жұмыстың бәрі тек қазақ тілінде өту керек. Сонымен қатар, балалар үйі, балалар ауылдары, интернаттар және тағы басқа мемлекеттік қаржыны қолданып отырған мекемелер жұмысшылары тәрбиеленушілермен қазақ тілінде сөйлесіп, жұмыс істеу керек. "Мемлекетіміз ана тілін білмейтін, орыс тілінде сөйлейтін азаматтарды өз ақшасына тәрбиелеп шығаруы дұрыс емес" дейді Екатерина Макеева.

"Позабытый мной с детства язык,
Пресловутое двуязычие,
При котором теряю свой лик
И приобретаю двуличие.
Я пойму неизвестного мне
Уходящего аборигена,
Но когда среди ночи во сне
Перед предком склоняю колено,
Сознаю, что не верит он мне, 
Как пришельцу из тяжкого плена.
Усмехнется он в той тишине:
"Ты меня недостойная смена".
Бақытжан Канапьянов.

ПС. Қазақ тілі және оның маңызы туралы орысша оқуымды осымен қысқартам. Тек қазақ тілінлегі кітаптарға көшу керек. 😊

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Қытай елінің мақалдары.