Қадыр Мырза Әлі: Таңдамалы шығармалар.

Демалыс күндерім жақсы өтті десе болады, себебі мен соңғы екі күн қазақтың өшпес өлеңдерін оқумен болдым. Осы жолы Қазақстанның Халық жазушысы және ақыны, Қадыр Мырза Әлі ағаның таңдамалы шығармаларымен таныстым. Шынымды айтсам, ақын туралы тек ол кісі ескі әнұранды жазғандардың бірі екенін білгенім болмаса, басқа оның бір де бір өлеңін оқымаппын, тіпті "Домбыра" өлеңі Қадыр ағаныкі екенін де білмегем.

"Таңдамалы шығармаларда" жастық шақ, туған жер, еліміздің болмысы туралы өлеңдер орын алған. Аталмыш туындылар ақынның байсалдылығымен және сабырлығымен жазылғаны көрініп тұр. Мәселен, сезімге, отқа толы өлең көп болмады. Сонымен қатар, Қадыр Мырза Әлі нағыз қазақ өлеңі стилін (қысқа да нұсқа) терең меңгерген екен. Бұл, әрине, жас ақындар үлгі тұтарлық зат.

Көп жазып не керек, өлеңдерден алған әсерді баяндау қиын. Аса ұнаған өлеңдерді келешекте қайта оралу үшін белгілеп қойдым. Суреттен көріп отырғандарыңыздай, ұнаған өлеңдер өте көп :) 

Кейбіреуін назарларыңызға ұсынамын. 

Жеткендей бір күткен күнің сарылып,
Жатыр қарны ақ түйенің жарылып,
Келмейді екен кемпір болып,
Ене боп,
Келін болып келеді екен... Кәрілік!

Кей күндері отырасың тарынып.
Жиған-түйген дүниең бір дәрілік.
Келмейді екен ақсақал боп,
Ата боп,
Немере боп келеді екен... Кәрілік!

Өмір, шіркін, әрі арман, әрі үміт.
Бірақ соның болар түбі бәрі ұмыт.
Келмейді екен үлкендік боп,
Қайтадан
Балалық боп келеді екен... Кәрілік.


Қуаныштың қызыл гүлін екпек ек,
Ойларымыз болып шықты көп бөлек:
Осыменен екінші рет, ұмытпасам,
Тағы келіп,
Тағы кеттің өкпелеп.

Достық нұры ойнағанмен көзіңде,
Орынсыз наз жатты сенің сөзіңде.
Түсір дедің баламды бір оқуға,
Сені біреу түсірген бе кезінде?!

Ортақ бізге осы шарап,
Осы нан,
Ұлдың қамын ойлағанға қосылам.
Түсірші деп баламды бір оқуға
Әкең сенің өтінген бе досынан?!

Адал адам адалдыққа күлсе - мін,
Бір сенімен айрылады мың сенім.
Біріншіден -
Менде билік жоқ ондай,
Екіншіден -
Не дегенің бұл сенің?!

Шыда, досым,
Тегі таза ақ сынға,
Тура сөзді,
Бура сөзді жатсынба.
Мынау тамақ,
Мынау төсек,
Оқуға
Түспек болса,
Дайындалсын жатсын да!

Сенің атйып отырғаның қиын ән,
Қарыз алу болмайды адам миынан.
Білсе жақсы,
Білмегеннің басына
Білім болып қалай, досым, құйылам?!

Пісіп тұрған сап-сары алтын егінге
Қар аралас жаңбыр болып төгілме.
Балаңды мен түсіре алман,
Бірақ бұл
Көлеңкесін түсірмесін көңілге!


Бабамыздың шоқ басқан табанымен,
Бірдей екен жақсысы жаманымен:
Бір жаманы - тынымсыз көше берген,
Бір жақсысы - қимаған даланы кең.

Бір жаманы - жел сөзге ерген екен,
Бір жақсысы - тілге ерік берген екен.
Бір жаманы - кетпенге орашолақ,
Бір жақсысы - найзагер, мерген екен.

Бір жаманы - кешігіп әліппе ашқан,
Бір жақсысы - күйлері көбік шашқан.
Бір жаманы - қыздарын малға сатып,
Бір жақсысы - сүйгенін алып қашқан.*

Бір жаманы - шаруасын маңдытпаған,
Бір жақсысы - қулықпен жанды ұтпаған.
Бір жаманы - үйленіп жеңгесіне,
Бір жақсысы - жесірін қаңғытпаған.

Тату-тәтті көршілер шыр бұзбаған,
Бірге тоңып суықта, бір мұздаған.
Бір жаманы - сонда да үй салмаған,
Бір жақсысы - абақты тұрғызбаған!..

* "Сүйгенін алып қашу" салтын жек көрем және оған қарсымын.

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Қытай елінің мақалдары.