Тіл туралы.

Қазақ тілінің қазіргі қоғамдағы жағдайына күрсіну, ана тілін мойындамайтын қазақтарға ашуланудан шаршадым. Менің мақсатым: қазақша көркем әдебиет жаза алатын деңгейге жету және күнделікті өмірде кез-келген тақырыпта орыс сөздерін қолданбай, қазақша сөйлеу. 
Дмитрий Петров бір видеосында адамдар күнделікті тек 30-50 сөз қолданатынын айтты. Әрине, бұл сөз байлығы кең, аса ақылды кісілерге қатысты емес тұжырым деп ойлаймын. Дегенмен, қазақ тілін білетін, бірақ ана тілін тек тұрмыста қажет ететін, білімнің бәрін ағылшын және орыс тілінде алып, сол тілдерде басқаларға ойын жеткізетін мен сияқты азаматтар күніне қанша қазақша сөз қолданады сонда?.. Егер мен сияқтылар "қазақ тілін білетін және қолданатындар" деп саналса, онда (шыны керек) тіліміздің онсыз да нашар жағдайы тіпті күйінішті.
 Бұл жағдайды жөндеу үшін, алдыма келесі мақсаттар қойдым:
1. Қазақша кітаптар көбірек оқу. Өкінішке қарай, дүкендерде қазақша бар-жоғы тарихи, тіл туралы кітаптар (сөздіктер) және өткен ғасыр ақын-жазушыларымыздың туындылары тұрады. Поэзияға қарағанда прозаны қаттырақ жақсы көретін мен үшін сүйсініп оқитын кітап табу қиынға соғады. Дегенмен, дүкендердегі қазақша тұрған кітаптардың бәрін сатып алу және бәрін оқып шығу - менің мақсатым. 
2. Мектепті бітіргеннен бері дәптер бетіне қазақша ой тарқатып көрмеппін. Әрине, мен бұл қарқыммен тіл ұмытып бара жатырмын 😑 Келесі менің мақсатым: осы блогта тұрақты жазып жүру.
3. Қазақша көбірек әндер тыңдау. Ninety one бар болғанына рахмет!)
4. Міне, бірнеше жыл бойы менің әр таңым quora сайтын оқумен басталады. Аталған сайтта ақылды кісілер бір-біріне сұрақ қойып және жауап беріп отырады. Кейбір жауаптарды аударып, блогқа салып отырамын. Аударылған жауаптар пост атауында QUORA деген сөзден басталып тұрады. Бұл ойымның қаншалықты сәтті екенін білмейм (мүмкін, фиаскоға ұшырайды), бірақ бастап көрейін. Айтып кетерлік жағдай: сайттағы жауаптар 100 пайыз шын немесе универсалды емес - ол тек ақылды, сол жауап беріліп жатқан салада тәжірибесі бар кісінің өз ойымен бөлісу болып табылады. Әрине, мен өзіме жақын жауаптарды таңдап аударамын, дегенмен, мен жауап берушімен жүз пайыз келіспеуім мүмкін.
5. Менімше, кез-келген тілдің деңгейін оның гугл аудармашысында бар ма және аударылу сапасы қандай екенімен тексерсе болады. Қазақ тіліміз гугл аудармашысына жақында қосылды, дегенмен, ол жердегі ағылшынша-қазақша (бұл - ең керектісі) аударма, жұмсағырақ айтқанда, әлі де жақсартуды талап етеді. Сондықтан мен кез-келген аударманы сол гугл аудармашыға салып, сонда түзетіп отырамын. Бұл әдіс аударма сапасын жақсартуға көмектеспек, себебі сайт әрдайым жетілдіріліп, түзетулерді қабылдап отырады. Иә, керісінше сайтты шатастырып жібермесем :)
6. Тереңдетілген деңгейге арналған қазақ тілі оқулығын бастан-аяқ оқып, жаттап, жаттығуларын орындау.  Неге екенін білмейм, бірақ маған осы мақсат ең қиын болып көрініп тұр...

Әзірше осы. 

Ұятқа қалмаймын деп үміттенемін 😊
24|05|20177

Comments

  1. Талабыңа нұр жаусын Әсем!

    ReplyDelete

Post a Comment

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Жаңа жылға жоспарлар.