Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Соңғы оқып бітірген кітабым: Жамбыл Жабаевтың "Жапанға біткен бәйтерек" атты жыр жинағы болды. Кітапта Жамбыл атаның жырлары, кейбір айтыстары, Дастаны орын алған. Сонымен қатар, кітап соңында жыраудың мұңға толы соңғы өмір жылдарын Роллан Сейсенбаев бейнелеген. Ол кісінің жазбашылық дарындығына мен қатты сүйсінем. Кітаптың соңында жазушы былай депті: 
"Тәңірге табынған, өлімнен қорықпаған, сүйегі Екей, өзі Дешті-Қыпшақдаласының соңғы тарлан жырауы Жамбыл Жабайұлының рухына бас иген -
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ"
Керемет жазылған ғой!..

Жамбыл атаның өлеңдері арасынан Бұрымға атты өлеңнің нәзіктігі, кейбір айтыстар, Дастан кезіндегі өз-өзіне жақсы баға бере алуы, ал ең қатты - Алғадай туралы ойларының терең мұңдылығы маған өте қатты әсер етті.

Үздік үзінділер:

Бұрымға
Сен лашын болғанда, мен ақсұңқар,
Бір көріп дидарыңа болдым іңкәр.
Көркің бар көрген адам таң қалғандай,
Шыққандай жүзден жүйрік, мыңнан
тұлпар.
Жасымнан жақсыларды жағаладым,
Алатау, Қаратауды араладым.
Қай тұсқа аттың басын тіресем де,
Өзіңнен басқа сұлу таба алмадым. 
Жарқ еткен, оқтан ұшқыр, бота көзің,
Балқытар қорғасындай айтқан сөзің.
Сыртыңнан атыңды естіп жүруші едім,
Қаңбақтай жел аударған келді-ау кезім.
Айрылдым ай жарықта Бұрымымнан,
Азаптың кім құтылған құрығынан.
Жастықтың желігімен жүргенімде,
Келмейтін Сырдың суы жұлығымнан.
Есімнен еш кетпейді қайран Бұрым,
Мүшелі байланбаған ол бір құлын.
Қайтесің өткен істі еске салып,
Гүлжан-ау, белгілі ғой менің сырым.
Айрылдым арманменен, қайран Бұрым,
Айдай ед толықсыған аппақ нұрың.
Алдандым, аяғымды шалыс бастым,
Білмедім жан ашымас аға сырын.

***
Заман-заман дегенде,
Заманға қожа адам ғой!
Наразы болсаң заманға,
Бар кінәні соған қой!
Жырға желі сол заман,
Елдің күні қараң ғой.
Қақпалап елді хан мінген,
Қайғы басқан жаман ғой.
"Зар-заман" деп ат қойған,
зарланған халық сонан ғой.
Зарлануы халықтың - 
Шектен асып ушықты.
Айдаһар жұтып аюды,
Шоңбас жеді шымшықты.
("Дастан"-нан үзінді).

***
А, Құлманбет, Құлманбет,
Ағып жатқан сумен кет!
Сумен кетсең ел ішер,
Судан шыққан бумен кет!
Онда да кесірің тиеді
Қызарып батқан күнмен кет!
Күн де қайтып шығады,
Оттан шыққан күлмен кет!
Күлден ауру жұғады,
Қараңғы тұман түнмен кет!
Түн де қайтып келеді,
Асқаралы таумен кет!
Тауды да халық мекендер,
Кесірің жұғар, Құлманбет,
Қу пәлекет арман кет!
(Құлманбетпен айтыстан үзінді)

***
Құлманбетпен салыстым,
Күшті ақынмен алыстым.
Итермелеп манаптар,
Жыртуын жырттым намыстың.
Қырықтың қырын бір басып,
Елудің шықтым беліне,
Сүңгідім шалқар көліне.
Ортадан орным жоғары,
Үйдің шықтым төріне.
Ел сүймеген адамның,
Жоламай кеттім шеніне.
Алпыстың келдім бесіне,
Елдің күйі кеп түсті,
Қартайған сайын есіме.
Терең-терең ойландым,
Мұңды шаға жырладым,
Жақсылыққа жетпесем,
Тудым дедім несіне?!
("Толғау"-дан үзінді)

***
Түнекүнгі кеткеннен,
Ғали жаңа келдің бе?
Алғадайдың мүрдесін,
Жол-жөнекей көрдің бе?
Топырағың торқа боп,
Тыныш ұйықта дедің бе?
- Қалай қиып қалдырдың,
Қарт әкеңді еліңде?
Елжірейді өзегім,
Ауырады белім де.
Қаза болып көзелім,
Халым қиын менің де.

Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарыарқаны сандалсам,
Саңғалымды табам ба?
Өлім деген у екен,
Мендей кәрі адамға.
Күнде үйімде күңіренем
Көзіме жас алам да.
("Алғадай туралы ойлар"-дан үзінді)

Кішкентай ғана кітап (тапсырыспен алып, кітаптың көлемін байқамай қалыппын) - Сүйінбай атаның жырлар жинағымен де таныстым. Жамбыл атаның пірі болған атақты ұлы жүз жыраудың өлеңдері қарапайымдылығымен әрі мықтылығымен ұнады.

Әділеттік орнаса.
Жау басынар халықты,
Басқарушы оңбаса.
Малша айдап адамды,
Орынсыз күштеп зорласа.
Ауға түскен балықтай,
Шыға алмассың бұлқынып,
Әділетшің болмаса.
Күннің көзі жасырар,
Аспанды бұлт торласа,
Елдің бағы ашылар,
Әділеттік орнаса.
Самғай жүйрік жүгірер,
Аяқтан біреу шалмаса.
Жау десе батыр киінер,
Тоқталмас кегін алмаса.
Ел елдігі бола ма,
Ермен жауға бармаса.
Елшілігі бұзылмас,
Өз жерін жаудан қорғаса.
Ағаш қалар қуарып,
Жапырақ, тамыры болмаса.
Теңіз де қалар суалып,
Құятын өзен болмаса.
Өзен де ағар күшейіп,
Бастау мен бұлақ самғаса.
Сүйінбай кетер ағындап,
Халқым бір мені қолдаса.
Халықты тілмен қорғадым, 
Сөз шындыққа келгенде,
Бас кессе де болмадым.
Құтылып жарлы кеткенше,
Зорларды сөзбен торладым.

Кітап соңындағы Роллан Сейсенбаевтың мәтіні тағы да ұнады. Әсіресе мына жолдары:
"Еш адам баласына қастық ойламаған халық көрдіңіз бе?
Еш халықтың бостандығына қаһар төндірмеген халық көрдіңіз бе?
Өзгенің жерін жауламаған, жесірін қорламаған халық көрдіңіз бе?
Көрген жоқпысыз?!
Онда көріңіз!
Ол - Қазақ Халқы! 
Роллан Сейсенбаев".

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жарты жылда оқыған кітаптарым.