QUORA | Философияны түсіну үшін қандай кітаптар оқуым керек?

Үлкен өтініш, Платон, Аристотель, Кант, Юм, Гуссерль, Ницше, Камюдан бастамаңызшы! Егер аталған философтардың еңбектерінен бастасаңыз, сіз философия ілімін жек көріп кетесіз. Ал философиямен Гегель арқылы танысамын десеңіз, философияны тіпті өмір бақи жек көріп кетесіз.  
Алғашқы қадам ретінде, кейбір жақсы жазылған кіріспелерді оқыңыз. Саймон Блэбернның "Ой: Философияға кіріспе"-сін және Найджел Уорбертонның "Философия негіздері" атты кітаптарын оқуға кеңес бере аламын. 

Екінші қадам: логика. Сіз логиканы ұқпасаңыз, философияны да ұға алмайсыз. Мысалы, Пол Томассидың "Логика" атты кітабын оқып көріңіз. 

Үшінші қадам: логикамен не істеу керек. Рэймонд Брэдли және Норман Суарстың "Ықтимал әлемдер; Логика мен Философияға кіріспе" атты кітабын оқыңыз. Бұл керемет кітап - мен оқыған ең үздік кітаптардың бірі. 

Төртінші қадам: философияның ең танымал дәлелдерін білуге уақыт келді. Майкл Брюс және Стивен Барбонның шыңармасы "Тек дәлелдер: Батыс философиясындағы ең маңызды 100 дәлел" атты кітабын оқып шығыңыз.

Бесінші қадам: тарих. Маған Бертран Расселдің "Батыс философиясының тарихы" кітабы қатты ұнайды.

Алтыншы қадам: философтар, жаңа, өлі және тірі. Егер сіз жоғарыда аталған кітаптардың бәрін оқып шықсаңыз, енді сіздің біліміңіз Платон, Аристотель, Кант, Камю, Дэниел Дэнеттің жазғандарын жетік түсінуге жеткілікті. Атақты философтар өз кездерінде не білді, неге сенгенін оқып біле аласыз. Платонды оқып жатып, ол философтың микробтар, галактикалар не екенін, адам денесінің қай мүшесі ойлау үрдісіне жауап беретінін білмей тұрып кітапты жазғанын білсеңіз, Платонның гений екенін түсінесіз. Көп нәрседен бейхабар бола тұра, Платон қиын сұрақтар қойып, оларға мықты жауаптар берген. 

Жетінші қадам: өзіңіз философ болыңыз.Философ болуға уақытыңыз болмауы мүмкін, себебі философия ілімі нағыз маман болуды және көп уақыт бөлуді қажет ететін сала. Ештеме етпейді. Сіздің жоғарыда аталған кітаптардан алған біліміңіз философия мамандары жазған қиын мақалаларды және кітаптарды оқып, олардан ләззат алуға мүмкіндік береді. 

Және сіз мен жеткен қағидаға жетесіз: философияны оқу көркем әдебиетті оқудан әлдеқайда қызығырақ. 

Жауап берген: Marcio Simoes. Журналист, математика оқушысы.

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Жарты жылда оқыған кітаптарым.