Кітаптар туралы ойлар: күнделіктіден.

Қазір менде демалыс болған соң, ұйқым бұзылып жүр. Кеше, мысалы, мен екі-ақ сағат ұйықтадым және таңертең ғана. Сондықтан болар, күні бойы көңілім тез бұзылып, тез босап жүрді. Бүгін мен бірнеше сағат кітап дүкенінде жүрдім... бірақ бәрін басынан бастайын.

Жақсы жаңалық: мен осы жылы оқимын деп сатып алған қазақ тіліндегі кітаптардың бәрін дерлік оқып шықтым. Енді тек "Қазақ қайда бара жатыр" кітабы қалды, оны жақында оқып бітіремін деп ойлаймын.

Жаман жаңалық: мен қазір үлкен кітап оқып жатырмын (830 беттік) - оқығаныма бір айдан асып кетті, ал мен кітаптың әлі жартысындамын, Бұл - өте жақсы кітап, бірақ - орысша. "Трансерфинг реальности" деп аталады. Сонда мені алаңдататыны - мен осынша уақытымды бір орыс тіліндегі кітапқа құртқып жатқаныма. Ал ағылшынша әлі бір де бір кітап оқылмады осы жылы...

Сонымен, бүгін дүкенде екі рет көңілім түсті. Біріншіден, қазақша кітаптар... Booking дүкенінде қазақстандық кітаптарды бір кішкентай жерге қойып қойған. Әрине, дискриминация деп айта алмаймын: қазақстандық кітаптар көрінетін жерде тұрады әрдайым. Жәй ғана бізде кітап аз ғой. Өте аз, өте. Мысалы, бір сөре тарихи кітаптарға толы әдетте (Шыңғыс хан туралы кітап ең көп), бір сөре елбасы туралы және елбасының кітаптары (ойлар жинағы, суреттер, тағы басқа), сосын баяғы классикамыз (Сәкен Сейфуллин және басқа ұлы қазақтардың шығармалар жинағы... түсінесіздер ме, классика жанрындағы толық роман табу, мысалы, мүмкін емес: тек өлең, шығарма ж и н а қ т а р ы), бір сөреде міндетті түрде толған "Қара сөздер" - үш тілде (Абай атаның "Қара сөздер" кітабы менде бар, бірақ оны тілді жақсырақ меңгергенде, жылдың соңына таман оқимын деп шештім), ал сосын ееееең онша емес сөре: заманауи әдебиет. Білесіздер ме, бізде заманауи әдебиеттің сексен пайызы орыс тілінде  жазылған екенін?.. Орыс тілінде болуын қоя тұрайық, тақырыптары не деген қызықсыз десеңізші... Солардың арасында мен ең "Тоқал", "Бәйбіше" деген кітаптар сериясын аса жақтырмаймын. Ал "Мелочи жизни"-ды бір күні сатып алып оқу керек...



Екіншіден, ағылшынша кітаптардың бәрі қ ы м б а т. Ойға сыймайтын бағамен сатылады ғой ағылшыншадан аударылмаған кітаптар! Қайтем, сатып алдым Сесилия Ахернның ең маған жылы кітабын ағылшынша.
Сонда, Қазақстанда кітап оқимын десең, орыс тілін білу керексің. Бұл, әрине, жаңалық емес, бірақ мен (қағаз кітаптардың шын жанкүйері!) электронды кітап сатып алып, кітаптарымды тек жүктеп оқу туралы ойланып қалдым бүгін. Бұл бұрын-соңды болмаған сезім-шешім)) 

Жақсы жаңалықтар да бар. Осы жылы шыққан, сырты жаман емес "Мен - жындымын" деген кітапты сатып алдым (бағасы да жақсы), сосын қарасам, National Geographic жорналы қазақша тұр! 😍 Қуана сатып алдым. Жақында оқып, пікіріммен бөлісемін. 

Менің осылай көңілім түсуіне тағы бір себеп бар (бітпейді екен себептері!)). Кейде мен екі әлемде бірдей өмір сүріп жатқандай болам. Мәселен, бірінші әлемде ешкім кітап оқымайды. Ешкім! Оқитындардың кітап таңдаулары маған соншалықты ұнамайды және олар солай аз оқиды - мен оларды кітап оқитын ретінде санамаймын. Бұл әлемде менің кішкентай ғана үш сөрелі кітапханам - ғажайып зат. Әр жалақымнан кітап алып тұрғаным үшін осы әлем адамдары талай таң қалады. Мен бұл әлемде өзімді жалғыз сезінем. Бірақ, шыны керек,  бұл жерде өзімнің ештемеге қарамастан әдебиет оқуымды бір тура батылдық санап кетем кейде.
Ал негізі тағы екінші әлем бар. Мен ол әлемде болып көрмедім, - тек youtube сайтынан қарап отырам. Ол жерде Ұлы Британия (мен көретіндердің көбісі) студент, оқушылары (бәрі жап-жас!) айына кем дегенде бес кітап оқып отырады. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, Лондонда тұрып, кітап сүю қалай екенін: барлық маңызды кітаптар ағылшынша шығып жатады, кітаптың аударылуын күту керек емес; жазушы сооондай көп, жазушылар және баспалар арасында бәсекелестік қатты дамыған - әр жазушы тек өзіне тән стильмен жазуға тырысады, ал баспалар қандай керемет қылып шығарады десеңіздерші сол кітаптарды! Сосын жанрлардың бәрі жақсы дамыған: жасөспірімдерді қызықтыратын фантастика жанры енді тіпті керемет, мен соңғы кезде сол ревьюларды қарап, қатты қызығып кеттім (ол жанрды жақтырмасам да). Ағылшын студенті кітап сатып алғысы келсе, ол қай тілде аламын, қай тілді дамыту керек, қай тіл қай тілге өмір бермей жатыр деген сияқты заттарды ойламайды. Бәрі ағылшынша кітаптар. Біздің өзімізде қазір кітап дүкендері қандай әдемі екенін ескеріп, Лондонның (мысалы) кітап дүкені қандай үлкен және қандай әдемі екенін елестете алдыңыз ғой? Сол керемет дүкенде ағылшынша кітаптарды қарап жүріп күнде мың бәсекеден жеңіп, басылып шыққан жаңа жазушылардың кітаптары бар, неше-түрлі басылыммен шыққан классика кітаптары бар, Нобель сыйлығын ұтқан жазушылардың еңбектері бар, ал әдебиет әлемінде бір өзгеріс болып жатса, оны ағылшын оқырмандары ең бірінші біліп отырады... Алдында бір ағылшын ютюбер қыз бір кітаптың бірнеше нұсқасынан ең әдемі қапталғанын таңдап сатып алатынын айтты... Осы жерде менің көңілім неге түскенін түсіне аласыздар ма?..

Бірақ, бәрі жаман емес, әрине. Интернет бар, логистика дамыған, - енді амазоннан ағылшынша кітаптарға тапсырыс беріп отырам ғой дейм. Ал қазақша кітаптарды енді басқа дүкендерде іздеу керек, көңілді түсірмей.😏

Comments

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Жаңа жылға жоспарлар.