Райымжан Мәрсеков: Қазақ қайда бара жатыр?

Иә, кітапты Астанада жүріп оқыдым))
Кітап Алаш қозғалысының қайраткері. заңгер Райымжан Мәрсековтың "Қазақ" газетінде басылып шыққан мақалаларының жинағы болып табылады. Ұлт ойшылы сол кезде (1912-1916 жылдар) қазақ елінде орын алған өзекті мәселелерді шешуге жанын салған.

Мақалалар кітапта қазақ және орыс тілдерінде берілген. Р.Мәрсеков Санкт-Петербургтегі Император университетінде заң факультетінде білім алады. Дегенмен, мақалаларын, әрине, қазақша жазады. Орыс тілінде білім алғаннан ба, жазу стилі сондай ерекше ме, алайда мақалалардың қазақшасын оқу маған қиынға түсті. Мақалаларды тек қазақша оқимын, орысша аудармасын қалдырып кете беремін деген ойым сондықтан іске аспады - аудармаларды оқи отырып қана мен мақалаларды жетік түсініп отырдым. 
Жалпы, автордың әлеуметтік мәселелерді терең меңгеріп, қазаққа шын жаны ашығаны оның әр сөзінен сезіледі. Мәрсековтың жазған кейбір ойлары қазіргі заманға да өзекті болып табылады. 
"Бірақ біздің қазақ аз елдің алты ауызы болған жұрт. Біреудің басына келген қысымшылық өз басына келмейтұғындай көреді де, бар мақсұды болыс болып елге хүкім жүргізу, би болып жұрт аралап олжа табу болады. Кіл жұртқа келген зауал менен ел жақсылары дегендеріміздің жұмысы болмайтұғын заманға ұшырадық. Жер турасында түскен іс болса, һәркім бет-бетіменен іздейді, бірігіп ынтымақ қылу жоқ. Жері мужикке кетсе, оған салы суға кетеді, ағайынға жер беретұғын жөн келсе, яки жерінен айырылған елге ел ішінен кесіліп жер берілсе, оған жатып жағаласады". ("Қазақ қайтсе жерге ие болады?" мақаласынан).

Алаш қайраткері қазақты білім, ғылым ғана қараңғылықтан алып шығаратынына сенген.
"Жерімізді қарасақ ұшан-теңіз неше мемлекеттің жерінен көп, бірақ сол жер бізге жетпей тарлық қылып отыр. 40 миллион француздың жері біздің арғын, найман жайлаған жерден көп аз. Соған да сиып отыр. Мұның себебі не? Олар шөл даладан су шығарған, шөпсіз жерге шөп еккен, мұның бәрі ғылым арқасы. 
Қай халық болса да қазақтан артық туған жоқ, артылса, озса, ғылым-білім арқасында асып отыр. Егер оқу жолына партиялық қызығуына кіргендей ұмтылсақ, талпынсақ. жігерленсек біреуінен кем болмауымыз анық. 
Ұмтылатын заман келді. Ерлердің қайраты, жақсылардың білімі, елдің елдігі, ытымағы саналатын жорық болды. Қазағым, ойлан, толған! Ғылымсыз күн, қараңғы түн". ("Керектің керегі  ғылым" мақаласынан.)

Өз басым тек "Әйел" деген статья турасынан" атты мақаланың мазмұнымен, негізгі ойымен келіспедім. Мақалада Райымжан Мәрсеков қазақ-қырғыз әйелдерінің тағдырлары қиындығы жайлы жазылған "Әйел" деген мақаладағы сөздерді жоққа шығаруға тырысады. Әрине, уақыт, әлеуметті ескере отырып, және жалпы автор әйелдерді қорғап, намысын аман алып қалуға тырысқанын ескеріп, бұл мақала үшін менің Мәрсеков туралы ойым бір де бір миллиметрге түспеді. Дегенмен, жалғыз келіспеген тұсым туралы айтып кеткім келді.

Кітап өте маңызды, оны оқу әр қазаққа пайдасын тигізеді деп айтар едім. "Айқап" және "Қазақ" газетінің жазушылары арасындағы бәсекелер, жер мәселесі, көшпенділіктен отырықшылыққа ауысу қиындықтары және ешқашан өлмейтін қазақтың жалқаулығы, жаңаны әрең қабылдап, ескіні қалайтын, қараңғыда жүре беретін қазақтарға жаны ашыған ақылды заңгердің ойларын оқыған қалай ләззат және пайда әкелмесін?..

Мен автормен толықтай келісемін, әсіресе қазақтың бар үміті көзі ашық, білімді  жас азаматтарында екенін бар жаныммен қолдаймын.
"Ендігінің жастары, қазақты ілгері басқызу, адам қылу сендерден болмаса, қырдағы жақсы деген "жақсылардан" үміт аз. Оларға қалған күн қараң.
Оқу, оқыту, өнер үйреніп адал кәсіп істеуге қазақ көңіл қойып талаптанса, көзі ашылар еді, сонда қазақ ел болар еді". ("Қазақ қайда бара жатыр?" мақаласынан).

Comments

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Жаңа жылға жоспарлар.