2017 - сау!

Басқалар сияқты жылдың қорытындысын жазғым келмеді. Бірақ, сағат таңғы төрт. Мен орысша постар жазып, кәзір әсем әуен тыңдап жатырмын. Бірдеме жазбасам болмайды :)

Земфира "Спасибо" деген әнінде "түнімен ұйықтамай, ән жазған сәттерім үшін алғыс айтамын" деп айтушы еді. Сол сияқты, менің ең бақытты кездерім - ол менің ұйықтамаған кездерім. Ұйықтамай, ескі кітептер бойынша ағылшын тілін оқуым. Ұйықтамай қызықты кітеп оқығаным. Түні бойы уикипедияны бірінші рет дұрыстап қолданып, Галилео туралы ақпарат оқығаным. Феминизм туралы оқып, ішімнің күюі. Солтүстік америкадағы үндістердің тарихына үңілген кездерім... Тіпті, менің түнде әндерді бірінен кейін бірін ұйықтамай тыңдап жатуым да - ғажап сезім. Майкл Джексоннан Эминемге дейін, кішкентай кезімде көрген мультфильмдердің әндерінен Бетховен шығармаларына дейін сүйікті әуенімнің бәрін тыңдап жатқан кезде, кейде, аса ерекше түндерде, ант етемін, мен бір шексіздікпен жалғасып кететіндей боламын. Бұл 2-3 секундқа созылатын сәттер мен үшін өмірдің мағынасы.
Сондықтан болар, мен өзіммен өзім, жалғыз өткізген сәттерімді ең жоғары бағалаймын.

2017 жылы мен қазақша оқимын деп жоспарлаған кітептерімнің бәрін оқыдым.

2017 жылы Скриптионитке әбден ғашық болдым. Көктемде оның концертіне барып келген соң, әншіні одан да қаттырақ ұнатып қалдым. Мен әрқашан ойлайтынмын, еуропаның ерлерінде бар харизма біздікілерде кездеспейді деп, бірақ Скриптонит басқа бір харизмасымен жүректі жаулап алды. Оның қандай дөрекі, онша ақылды емес адам екенін білсем де, өнерін мойындамауыма болмайды. 

Концерттер демекші, өткен жылы мен бірінші рет әлемге танымал музыканттардың концертіне барып қайттым. Сол жазғы керемет кештен кейін мен 30 seconds to mars-тың шынайы жанкүйері болдым. Джаредтің өнер сүйгіштігін және қарапайымдылығын шексіз құрметтеймін. Концерт кезінде де топ мүшелері сондай сыпайы, өз жұмыстарын жақсы атқаратын, ашық, сондай өнерлі болып шықты! 

Достоевский адамды ақылмен, күшпен түсінбейсің, өнер арқылы ғана түсіне аласың деп еді. 
Қазақтардың музыкалық бейнебаяндарын көрмейтін себебім - біздікілер ещқашан жүз пайыз беріліп айтпайды. Билесе, ұялып, дұрыстап билей алмай тұрады. Жарқын киініп алса, соған қысылып тұрады. Әнді тым қатты, тым басқаша айтуға ұялып, бір орында орташа әнді айта салғанды жөн көреді. Ал Ninety one тобының мүшесі Зак, мысалы, "Су асты" әнінде бар демін шығарып айқайлайды, жынданады :) Жалпы, ұялмай, біздің әншілер өте алмай жүрген жіңішке жіпті аттап, таптап, өнерлерін ештемеден қысылмай паш етулерін ұнатамын. Жыл бойы осы топтың әндерін тыңдап шықтым десем де болады. 
Мен күзде көбінесе youtube-та басқа ел  азаматтары Ninety one тобының бейнебаяндарын бірінші рет көріп, қандай сезімдерге толғандары туралы бейнелерді көретінмін. Сол кісілер "қандай әдемі тілде әнді айтып жатыр" деген сәттерде мен Ninety one-ды он есе қаттырақ жақсы көріп кететінмін.
ПС. 2-3 сағат бұрын Ninety one жаңа бейнебаян ұсынды. Сондай керемет!

Әрине, мен Тақтар таласы (Игра престолов) сериалын көріп шықтым. Кітептерін оқығым кеп кетті немесе сүйікті сериалыма айналды деп айта алмайм, бірақ кейбір түндерде мен осы фильм үшін ұйықтамадым.

Ал осы жылда көрген ең сүйікті фильм - ол 1995 жыл шыққан Таңға дейін (Перед рассветом) атты кино. Кино үш бөлімнен тұрады және біріншісі ең үздік. Бұл туындыны көрген кезде мен сүйімге сеніп, аса шабыттандым. Көргеннен кейін де есіңе түсіре беретін, ойландыра беретін, ұйықтатпайтын бірден бір фильм. Тамаша. 

2018 жылға қойған басты мақсатым және арманым: қазақ тілін зерттеп, қазақшаға аударып, қазақша жазып немесе қазақша оқып көптеген түндер ұйықтамай отыру, - яғни шынайы бақытты болу.


Comments

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Қытай елінің мақалдары.