Әлі, әрдайым.

Күнде мен...

Оятқышым ойнаған кезде бірден оянам, себебі оятқышымды әкем ең алыс бөлмеде жатса да естіп қояды. Егер мен бірден бөлмемдегі жарықты жағып, қимылдай бастамасам, әкем әдейі тұрып, мен жаққа келеді де, мені өзі оятады. Сөйтіп, әкем тағы он бес минут ұйықтай тұрсын деген оймен, мен бес жарымда атып тұрам.

Жиналуға жарты сағат кетеді. Сосын әкем көлігімен мені аялдамаға дейін жеткізеді. Аялдамаға дейін 7-8 минут жүреміз. Әкем сол минуттар ішінде сүйкімді әңгімелерін және кішкентай қалжыңдарын айтып үлгереді. 

Аялдамаға жеткен кезде мен көліктен түсіп бара жатқанда әкеме міндетті түрде "рахмет" деп айтам. Ал әкем маған міндетті түрде "байқап жүр" дейді. Сосын мен жолдан өткенше қарап тұрады да, жолдан өткеннен кейін бірақ үйге кетеді.
Бұл өмірде мен әкемнен артық ешкімді жақсы көрмейтін шығармын.

...Компания қызметкерлерін тасымалдайтын көлікке отырам да, бірден кішкене болсын ұйықтап алуға тырысам. Сосын тура аялдамаға келген кезде немесе аялдамаға жақын қалғанда өзім оянам. 

Кеңсеге кіріп бара жатып "офиста ешкім болмаса екен" деп тілейм. Әдетте мен ең бірінші келем. Сол жалғыз өткізетін 15-20 минутта кітап оқып, ән тыңдап, жаңа күнді жақсы көңіл-күймен бастауға тырысамын. Көбінесе бұл талабым фиаскоға ұшырайды :(

Жұмыста көп сөйлемейм. (Қорғастағы әріптестерімнің арасында кез-келген тақырыпқа сөйлесіп, еркін болған кездерімді қатты сағынамын). Жұмыста жаңа дағдыларды үйренуге тырысам. Ол да фиаскоға ұшырап тұрады көбінесе :)

Жұмыстан жалғыз қайтам. Әуежайға көліктер асығып бара жатады. Мен жүретін жолмен жаяу адам өте аз жүреді. Сол жарты сағатта кейде музыка тыңдап, шабыттануға тырысам. Шабыт баналды зат боп кетпеуі үшін, музыканы кейде ғана тыңдайм. Соңғы кезде ылғи Скриптониттың жаңа әндерін қайталап тыңдай берем. Себебі мен Скриптониттың өзіне және оның өнеріне шексіз ғашықпын, және оның көктем аяғында болатын концертіне дайындалу керекпін :)

Таксиге отырам да, жарты сағатта үйге жетем. Үйде мені сіңілім мен інім ең қатты күтіп жүреді. Біздің үйде үлкендер емес, жастар әңгіме айтып отырып бір шәйнек шәйді асықпай ішеді. Әдетте біз қай елге саяхаттайтынымызды, бөлек шыққанда қалай өмір сүретінімізді жоспарлап отырамыз.

Сосын мен кітап оқим немесе yotube-та ойсыз видеолар көріп жатам.

Соның арасында күні бойы хат күтем. 

Күнде. 

Әлі.

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Жарты жылда оқыған кітаптарым.