Қазақша феминизм.

Назарларыңызға сүйікті спикерім және ақылды әйел Чимаманда Нгози Адичидің атақты спичінің аудармасын ұсынамын. Сүйікті сөздерімді белгілеп қойдым.
(0:50) Әңгімемді ең жақын достарымның бірі Окуломадан бастағым келеді. Окулома бізге көрші тұратын. Ол мені кішкентай қарындасындай көріп, әрдайым қорғап жүретін. Маған біреу ұнаса, мен Окуломаның ол жігіт туралы пікірін сұрайтынмын. Окулома жеті жыл бұрын желтоқсанда Нигерияда әуе апатынан қаза тапты. 
Окулома екеуіміз көптеген тақырыптарға дауласатынбыз, ой бөлісетінбіз, көңіл көтеріп, сырымызбен бөлісетінбіз. Сондай-ақ, ол мені феминист деп атаған кісілердің ең біріншісі болды. Мен ол кезде он төрт жаста едім. Окулома екеуіміз оның үйінде отырып, әңгімеміз дауға көшіп кетті. Дау барысында біз оқыған кітаптарымыздан жинаған ақпараттарға сүйенетін едік. Сол кезде қандай тақырыпта дауласқанымыз есімде жоқ, бірақ біраз уақыттан соң, дауласу ортасында Окулома маған қарады да «Сен феминист екеніңді білесің бе?!» деді. Досымның айтқан дауысынан ол мені мақтап жатқан жоқ екенін түсінуге болды. Оның сөздері «Сен терроризмді қолдайсың» деген сияқты қатал естілді. Ол кезде мен «феминист» сөзінің мағынасын білмедім, бірақ бұны Окулома білгенін қаламадым. Сондықтан мен досымның сөзін елемегендей болып, дауды ары қарай жалғастырдым. Әрине, мен үйге бара салысыммен аталмыш сөзді сөздіктен қарайтынымды білдім.
Көп жылдар өткеннен кейін мен басқасын айтпағанда әйелін ұратын ер туралы кітап жаздым. Ол ер кітап бойынша аяғында бақыт таппайды. Нигерияда осы кітапты жарнамалап жүргенімде бір жорналист маған кеңес бергісі келетінін айтты (жорналистың ойында тек жақсы болғаны көрініп тұрды). Нигерия азаматтары біздің елде таныс емес к кісілер бір-біріне кеңес беруі қалыпты жағдай екенін біледі. Жорналист маған оқырмандар менің кітабымды феминисті идеяларға толы деп ойлайтынын айтты. Сонымен қатар, ол кісі маған өкінішпен қарап, басын шайқады да, өзімді ешқашан феминист атамауыма кеңес берді. Себебі феминист – ол өзіне күйеу таба алмағаннан бақытсыз болған әйел екенін айтты. Бұл оқиғадан кейін мен өзімді «бақытты феминист» деп атай бастадым.

Тағы бір қызықты оқиғаны айтып берейін. Бірде Нигерияда тұратын әйел-профессор маған феминизм біздің мәдениетімізбен үйлеспейтінін және феминизм африкандықтарға жараспайтынын айтты. Сонымен қатар ол әйел мен өзімді феминист деп батыс кітаптарының ықпалымен атап жүрмін деп бетіме басты. Шынымды айтсам, бұл сөздер мені таң қалдырды. Себебі мен оқып өскен кітаптар, керісінше, антифеминисті болып еді. Он алты жасыма дейін Mills & Boon баспасынан шыққан кітаптардың бәрін оқыған сияқтымын. Ал феминисті деп саналатын кітаптарды оқи бастасам, тез жалығып, кітапті әрең дегенде оқып бітіретінмін. Дегенмен, феминизм ұғымы африкандық болмаған себептен, мен өзімді енді «бақытты африкандық феминист» деп атайтын болдым. Ендігәрі мен бақытты, ер атауын жек көрмейтін, ернін бояп жүретін және өкшесі бар аяқ киімдер киетін (ерлердің назары үшін емес, өзім үшін) африкандық феминист болдым.

Әрине, бұның бәрі қалжың ретінде ғой. Дегенмен, анық ақиқат – феминистер жайлы бәрі жаман стаптаурындармен ойлайды. Көпшіліктің ойы бойынша, феминистер ерлердің бәрін жек көреді, бра таққылары келмейді, немесе, мысалы, Африканы (өз мәдениетін) жек көреді.

... Балалық шағымнан тағы бір оқиғаны айтып берейін. Бастауыш мектепте оқып жүргенімде  мұғаліміміз оқушылар жыл басында тест өтетінін және тест бойынша ең жоғарғы нәтиже көрсеткен оқушы староста боп тағайындалатынын хабарлады. Старостаның беделі жоғары еді. Сынып старостасы шулаған оқушылардың атын жазып отыратын. Мұғалімнің сонымен қатар тыныштық қадағалап жүретін старостаға таяқша беретінін айтты. Әрине, таяқшамен бәрін ұра беруге тыйым салынатын, бірақ тоғыз жастағы мені бұл жаңалық өте қатты қызықтырды. Нәтижесінде, жеңуге қатты талпындым және тестен ең жоғары баға алдым. Бірақ, тест біткенде мұғалім староста тек ұл бола алатынын айтты. Бұл ақпаратты тест алдында айтпаған себебі - оқытушы бұны айдан анық зат деп ойлапты. Бір ұл менен кейін жоғарғы балл алды да, сол староста аталды. Ең қызықтысы: ол бала өте сүйкімді әрі жұмсақ болатын және таяқ ұстап алып сынып оқушыларын тыныштатып жүру оны мүлде қызықтырмады. Ал мені қызықтыратын! Бірақ мен қыз болдым, ол – ұл, сондықтан оны староста қылды. Осы оқиға менің есімнен ешқашан кетпеді.

Менің ең көп жіберетін қателігім: маған анық зат басқаларға да анық деп ойлап қала беремін. Мысал үшін менің Луи деген досымды алайық. Луи – өте ақылды және мейірімді дос. Бірақ бір күні ол маған «Сен неге әйелдерге ерлерге қарағанда жетістіктерге жету қиынырақ деп ойлайсың осы. Бәлкім, бұрын солай болған шығар, бірақ қазіргі таңда ерлер мен әйелдер бірдей мүмкіншіліктермен өмір сүреді» деді. Ал мен Луи сондай анық көрініп тұрған ақиқатты қалай көре алмайтынына таң қалдым. Бір күні кешкісін мен және Луидың достары Лагоста серуенге шықтық. Лагоста болған адамдар ол жерде әр ғимараттың қасында драмалы әрекеттер жасап көлікті тұраққа қоюға көмектесетін "отты" жігіттер бар екенін біледі. Сол кеште мен біздің көлікті тұраққа қоюға көмектесу үшін кәдімгідей көрініс көрсеткен жігітке қайтып бара жатқанда шайпұл бердім. Мен сөмкемді аштым да, өзім тапқан ақшамды алып, жігітке бердім. Ал ол жігіт ақшаны ала салысымен, көзі нұрға толып Луиге қарады да, «Рахмет, мырза!» деп айқай салды. Луи маған таң қалып қарады да «Неге ол маған рахмет айтып жатыр? Мен емес қой оған ақша берген!» деді. Сол сәтте мен Луидың бетінен оның бәрін түсінгенін көре алдым. Ана жігіттің ойынша, менде бар ақшаның бәрі сөзсіз Луидікі болды, себебі Луи ер адам және ол ғана ақша таба алады.

Ерлер мен әйелдер шынымен ерекшеленеді. Біздің гормондарымыз бөлек, жыныстық мүшелеріміз және биологиялық қабілеттеріміз бөлек. Әйелдер бала туа алады, ерлер туа алмайды. Әзірше туа алмайды... Ерлерде тестесторон және жалпы олар бізден табиғи мықтырақ. Әйелдер саны ерлерден көбірек: Әлем тұрғындарының 52 пайызын әйелдер құрайды. Алайда жұмыста Әлемдегі ең беделді орындарды ерлер алып жатыр. Кениядан шыққан Нобель иегері Вангари Матай «Неғұрлым жоғары барсаң, соғұрлым азырақ әйелдер көресің» деп дәл айтқан. АҚШ-та соңғы сайлаулар барысында біз Lilly Ledbetter заңы туралы бірнеше рет естігенбіз. Ол заң бойынша, әйел мен ердің тәжірибесі және білімі бірдей болып тұрса да, ерлерге көбірек төленеді... олар тек қана ер болғандары үшін. Сонда ерлер Әлемді билейді деген тура мағынада айтылғаны ма? Бұл тұжырым мың жыл бұрын, өмір сүру үшін ең керекті қабілет - ол мықты болу болған кезде дұрыс болды. Ол заманда ең мықты адам жетекші болды. Ал ерлер қыздарға қарағанда табиғи мықтырақ. Алайда, көбінесе керісінше болып қалады... Ал бүгін біз мүлде басқа Әлемде өмір сүреміз. Қазіргі таңда тек мықты адам жетекші атанбайды. Қазір біз оған қарағанда жасмпаз, ақылды және дүниеге жаңа көзқарасы бар кісі жетекші болады. Ал бұл қабілеттер үшін гормондар керек емес. Әйелдер мен ерлер бірдей ақылды және жасампаз бола алады. Адамдар өзгерді, бірақ біздің әйел және ер туралы көзқарасымыз өзгеріссіз қалған көрінеді.

Бірнеше апта бұрын мен Нигерияның ең үздік қонақ үйлерінің біріне кірдім. Кіре салып едім, қызметкер ер бала маған жағымсыз сұрақтар қоя бастады. Нигерияда қонақ үйге тек жезөкшелер жалғыз кіретінін сосын барып білдім. Айтпақшы, қонақ үйлер неге жезөкшелермен емес, оларға сұраным жасап отырғандармен күреспейді?.. Лагоста мен «қадірлі» бар және клубтарға жалғыз бара алмаймын. Себебі олар жәй ғана жалғыз әйелді кіргізбей қояды – әйел міндетті түрде ермен бірге болу керек.
Нигерияда мейрамханаларға жолдастарыммен кірген сайын даяршы қыздар жанымдағы жолдасыма сәлем беріп, мені мүлде елемейді. Даяршы қыз – ол ерлер әйелдерден маңыздырақ деп үйрететін қазіргі қоғам өнімі ғой. Даяршылар жаман ойлап тұрмағандарын мен білем, алайда біліп тұрсаң да, сезімдеріңді сөндіру қиын. Даяршылар мені елемеген кездерде мен өзімді көзге көрінбейтін кісідей сезінемін. Ондай кездерде мені мұң басып, оларға мен қасымдағы ермен бірдей адам екенімді айтқым келеді. Мұны ұсақ мәселе деулеріңіз мүмкін, бірақ кейде осындай ұсақ-түйек ең қатты тиеді.

Жақында мен Лагоста жас қыз болудың салдары туралы мақала жазып едім, баспа қызметкерлері маған «Мақала ызаға толы ғой!» деді. Әрине ол мақала ызалы болады! Мені ызаландыратын мәселе көп. Жыныс бойынша адамдарды бөлу әділеттікке жатпайды. Біз бәріміз ашулы болу керекпіз! Адамзат тарихында ыза көп рет жақсы өзгерістердің себебі болып отырды. Бірақ, ызамен қоса менің жүрегімде Үміт бар. Өйткені мен адамдардың жақсы жаққа өзгеру қабілетіне қатты сенемін. Жыныс бойынша дискриминациялау бүкіл Әлемде өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бірақ мен Нигерия және жалпы Африкадағы жағдайға жеке тоқтағым келеді. Себебі менің жүрегім сол жерде. Менің қалайтыным: әділетті, әйелдер мен ерлер бақыттырақ өмір сүретін әлем. Ол үшін біз қыздарымызды басқаша тәрбиелеу керекпіз. Ұлдарымызды да басқаша тәрбиелеп өсіру керекпіз. Себебі біз ұлдарды тәрбиелеген кезде көптеген қате жібереміз. Біз олардың адамгершілігін өлтіреміз. Ержүректілікті таяз мағынада қарастырамыз. Ержүрек болу кішкентай темір торға ұқсап кетті және біз ұлдарымызды сол торға қамап қоямыз. Ұлдарымызды қорқыныш сезімінен, әлсіздіктен және осалдықтан қорқуға үйретеміз. Ұлдарымыз өз шынайы сезімдерін жасырып, «мықты» ер болып өсулерін қалаймыз.
Мысалы, жоғарғы сыныптарда оқитын қыз бен ұл жолығуға шықты дейік. Екеуінде де күнделікті жұмсалатын ақша бар, дегенмен кездесулерде ұлдар өздерінің ерліктерін көрсетіп, солар ғана төлейді деп үйреніп алғанбыз. Және осыдан кейін біз таң қаламыз неге ұлдар ата-анасынан ақша көбірек ұрлайды деп... Ұл мен қызды ержүрек болу ақшамен саналмайтынын құлақтарына құйыпөсірсек ше? «Ұл төлеу керек» деп емес, «ақшасы көбірегі төлесін» деп өсірсек ше? Әрине, тарих оқиғаларының салдарынан көбінесе ерлерде әйелдерге қарағанда ақша көбірек. Бірақ біз ұл-қыздарымызды дұрыс тәрбиелесек, 50-100 жылдан кейін ешкім ақшаны ерлікпен байланысты құрал деп есептемейтін болады. 
Дегенмен, қазіргі таңда біз ұлдар тәрбиесінде жіберетін ең үлкен қатеміз – біз олардың эгосын өте әлсіз қыламыз. Ұлдар неғұрлым өздерін мықты, қатты болу керек деп ойласа, олар соғұрлым әлсіз эголы болады. Ал одан да үкен қатеміз: біз қыздарға сол әлсіз ерлер эгосына жағып өмір сүруді үйретеміз. Біз қыздарды өздерін тыйып жүруге, өздерін кішірек, маңызсызырақ сезінуге итермелейміз. Оларға «Алға ұмтылу керексің, бірақ қатты менмен болма. Жеңістерге ұмтыл, бірақ тым сәтті болма, әйтпесе ерлерге қауіп төндіресің» деп айтамыз. Егер қыз ер-баладан көбірек ақша тапса, ол оны айтпай жүру керек. Әсіресе басқа адамдарға, себебі сөздері ердің ерлініне қауіп төндіруі мүмкін. Мәселеге тереңірек қарайық: неге әйелдің жетістіктері ерлерге қауіп төндіру керек?

Отандасым бірде менен "ерлер сенің жаныңда өздерін әлсіз сезініп қалады деп алаңдамайсың ба?" деп сұрады. Мені бұл мүлде алаңдатпайды, себебі менің жанымда өзін әлсіз сезінетін ер мені мүлде қызықтырмайды. Дегенмен, бұл сұрақ мені таң қалдыртты. Әйел болғаным үшін ғана мен күйеуге шығуды қалауға «міндеттімін». Олардың ойынша, үйлену мен үшін ең маңызды екенін естен шығармай отырып қана маңызды шешімдерді қабылдау керекпін. Әрине, үйлену бақыт, сүйіспеншілік, екі жақты болысу бола алады. Бірақ біз неге тек қыздарды үйленуге ұмтылуға үйретеміз, ал ұлдарға бұндай талап қоймаймыз?!

Бір таныс құрбым үйін сатуға мәжбүр болды, себебі қыздың жеке меншігі болуы оған үйленейін деп жатқан еркектің намысына тиюі мүмкін екен. Басқа үйленбеген отандас құрбым жиналыстарға барған кезде неке сақинасын тағып алады, себебі солай ғана жиналыстағы ерлер ұжымы құрбымды «құрметтей» алады. Тағы бір жас құрбымды қоғам, жанұясы және жұмысы үш жақтан «үйлен» деп қысады. Қоғамдағы ережелер бойынша, әйел белгілі жасқа жетіп үйленбеген болса, ол оның үлкен сәтсіздігі. Ал дәл сол жастағы үйленбеген ер жігіт туралы "ол әлі таңдауын жасамады" деп қана айтады. Иә, «әйел қоғамның ережесінен жоғарырақ болып, оған мән бермей қойса болады» деп айтамыз. Айтуға оңай. Бірақ біз пендеміз ғой, ал ережелерімізді қоғамнан аламыз емес пе. Сөйлейтін тіліміз де маңызды, ал тілде «үйлену» сөзі «ие болу» ұғымына тең. Сонымен қатар, біз «құрмет» сөзін ердің әйелге емес, әйелдің ерге көрсететін қатынасын білдіреміз. Нигерияда жастардың аузынан «Мен бұны некемдегі бейбітшілік үшін істедім» деген сөздерді жиі естісе болады. Ерлер өз достарына ерліктерін көрсету үшін онсыз да істеу керек заттары туралы айтады. Мысалы, «Әйелім клубқа күнде барма деп айтты және мен некемдегі бейбітшілік үшін клубқа тек демалыстарда баратын болдым». Ал егер  әйел «Мен бұны некемдегі бейбітшілік үшін істедім» деп айтса, ол көбінесе өзінің жұмысынан/арманынан/мансабынан бас тартуға мәжбүр болды деген сөз. Қыздардың қарым-қатынаста ымыраға келіун қоғамда қыздардың міндеті деп үйретеді. Біз қыздарды бір-бірін қарсылас ретінде қарастыруға итереміз. Жұмыстағы қарсыластық емес – қыздар тек ерлер назары үшін қарсыластық танытады. Қыздар өздерін ұлдар сияқты ұстамау керек деп үйретеміз. Егер сізде ұл болса, оның қанша қыз-жолдастары болғанын білгіңіз келмейді. Ал қызыңыз болса, оған ұлдармен кездесуге тыйым салар едіңіз. Содан кейін қызыңыз өзімен өзі уақыты келгенде дұрыс жігітті табады деп үміттенеміз ... Біз қыздарымызды қаталдықта ұстап, олар өздерінің тазалықтары мен пәктіктерін жоғары бағалауын қалаймыз – бірақ бұл ереже ұлдарға да қатысты емес екені қызық. Мен осыны түсіне алмай қойдым: ұл мен қыздан қалай әртүрлі зат қалаймыз, егер жыныстық қатынас екі жақтың да қатысуынан тұрса?..

Жақында Нигерияда жас қыз зорланғаны туралы жаңалық болды. Көбісі ол жаңалыққа: «Иә, зорлау деген жаман зат. Бірақ, қыз жалғыз өзі бөтен төрт жігітпен бір бөлмеде не істеп жүрді?» деген пікір білдірді. Бұл сөздердің адамгершіліктен жұрдай екенін қоя тұрсақ та, неге Нигерия тұрғындары кез-келген затқа қыздар кінәлі деп, ал ұлдар – бағындырғанға көнбейтін жануарлар, сондықтан оларды кінәлай алмаймыз деп сенеді?! Біз қыздарымызды ұятқа үйретеміз. «Аяғыңды көрсетпе!», «Денеңді жап!»... Туылғаннан қыздарды бірдемеге кінәлі сияқты өсіреміз. Сосын осы қыздар өз қалаулары жоқ әйелдерге айналады. Үндемейтін, өз еркімен ойлай алмайтын әйелдерге айналады. Ал ең жаманы: осы қыздар өтірік айтатын әйел болып өседі. Мысалы, менің бір танысым үй жұмысын атқарғанды бәрінен қатты жек көреді. Дегенмен, ол оны ешкімге айтпай, үй жұмысын жасайды. Бұған себеп: қоғам қыздарға кішкентайынан жақсы әйел болу үшін үй жұмысын істей алу керек деп айтып келеді. Сол танысым бір күні үйленді. Біраз уақыттан соң оның күйеуі және күйеуінің туыстары әйелінің өзгеріп кеткенін айтты. Ал шын мәнінде, ол түк өзгерген жоқ, тек үй жұмысын істеуді жақсы көрем деп өтірік соғуын қойды.
Жынысқа бөлудің мәселелерінің бірі – бізге кішкентайымыздан қандай болу керек екеніміз туралы айтылады, сондықтан біз өзіміз не қалайтынымызды түсінбей өсеміз. Жынысыңыз үшін белгілі міндеттерді сізге төкпейтін болса, адамдардың бәрі қаншалықты еркінірек, бақыттырақ бола алатындарын елестетіңізші!

Әрине, қыздар мен ұлдар биологиялық тұрғыдан қарағанда бір-бірінен ерекшеленеді. Алайда, қоғам бұл ерекшеліктікті арттырып жіберген. Тамақ жасауды алайық. Қоғам ережелері бойынша, үй жұмысын – тамақ жасау және үй жинауды – әйел атқару керек. Бірақ неге олай? Қыздар тамақ жасауға бейімделген гормондармен туылады дегілеріңіз келеді ме? Әлде көп ғасырлық тарих әйелдерді тамақ жасауға міндетті қылып қойды ма? Әйел шынымен тамақ жасайтын гендермен туылады десе болар еді, бірақ Әлемдегі ең әйгілі аспаздардың көбісі – ерлер.
Мен ылғи өзімнің әжемнен үлгі алатынмын. Ол кісі ерекше әйел еді. Әжем қазіргідей әйелдердің мүмкіндіктері көбірек кезде өмір сүрсе бәрі қалай болар еді деп көп ойланамын. Заңдағы маңызды өзгерістердің арқасында қазіргі қоғамда әйелдерде ол әжемнің кезімен салыстырғанда мүмкіндіктер әлдеқайда көбірек. Бірақ заң өзгерістерінен маңыздырағы – біздің жыныстық ерекшеліктерге деген қарым-қатынасымыз және ойларымыз. Әр адамды жынысына байланысты емес, қабілеттеріне байланысты бөлсек қандай тамаша болар еді! Әр адамды жынысына байланысты емес, қызығушыларына байланысты бөлсек қандай тамаша болар еді! Бір таныстарымның қызы және ұлі бар. Екі баласы бірдей жаста, сабақтағы үлгерімдері бірдей, жақсы балалар. Дегенмен, ұлдарының қарыны ашқан кезде, ата-аналары қыздарына «Барып ініңе тамақ жаса» деп айтады. Ол қызға тамақ жасау аса ұнамайды, бірақ ол қыз болғаны үшін айтқанды орындауы керек. Ал олардың ата-аналары екеуіне де кішкентайынан тамақ жасауды үйретсе ше?.. Айтпақшы, ұлдарға тамақ жасауды үйрету өте маңызды, өйткені өзіңнің тамақтануыңды басқаның қолына беру әділетсіздік қой.
Тағы бір мен білетін жанұяда әйелі мен күйеуі бірдей жұмыс істейді. Дегенмен, үйлеріне келгенде, үй жұмысының басым көпшілігін әйелі істейді – және де бұл көп жанұяда кездесетін жағдай. Бірақ мені ең таң қалдыратыны, күйеуі балаларының жөргегін ауыстырған сайын әйелі оған «рахмет» деп айтып тұрады. Неге ол әйел күйеуі екеуінің балаларына қарауға көмектескені үшін рахмет айту керек?..
Мен кішкентайымнан естіген жыныстық ерекшеліктер туралы сөздерді ұмытуға тырысамын. Өзімнің мұғалім ретінде жұмыс істеген ең бірінші күнімнің алдында мен балаларға не үйрететінімді емес (себебі мен оқытуды жақсы көрем), ал не кием деп қобалжыдым. Себебі бәрі мені байсалды адам ретінде қабылдауларын қаладым. Әйел болғаным үшін, әрдайым өзінің бос орын емес екенімді қаттырақ дәлелдеймін де жүремін. Мәселен, мен тым биязы киініп барсам, мені байыпты деп қабылдамайды деп қорықтым. Мен ернімді жарқын түске бояп, өзімнің сүйікті, «биязы» белдемшемді кигім келді. Бәрақ мен оның орнына өте байсалды костюм киюді жөн көрдім. Ащы шындық: ер адам бизнес кездесуге жиналған кезде өзін тым ерше көрсетіп қоямын, мені ешкім құрметтемей қояды деп қорықпайды. Ал әйел адам бизнес кездесуге жиналса, ол тым биязы болып қалмау керектігін есте сақтау керек. Сол күні мен  сабаққа костюм киіп барғаныма өкінем. Кейінірек мен ол костюмнан құтылдым. Мен ол кезде қазіргідей өзіме сенімді болсам, сүйікті белдемшемді киіп барар едім. Бұл шешімнің пайдасы оқушыларыма тиер еді. Өйткені ұнайтын киімді киіп барсам, мен өзімді жайлырақ сезініп, шынайы өзімді көрсетер едім. Әйел болғаным үшін ендігәрі мен өзімді кінәлі сезінбеймін деп шештім. Мені кісілер биязылығым үшін құрметтегенін қалаймын, себебі мен құрметке басқа да себептермен лайықпын.


Жыныстық теңсіздік – сөйлесуге оңай тақырып емес. Әйелдер де, ерлер де бұл тақырыпқа сөйлескілері келмейді. Осында отырған кейбір ерлер «Иә, бұның бәрі қызықты, бірақ мен айтылғанның бәрімен келіспеймін» деп ойлаулары мүмкін. Бұл шешілуі керек мәселе. Ерлер жыныстық теңсіздікті байқамайтындықтары, ол туралы ойламаулары – осы теңсіздік мәселесінің бір бөлігі болып табылады. Көбінесе ерлер, менің досым Луи сияқты, бұл мәселе қазір өзекті емес деп есептейді. Сондықтан болар, ерлер қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін ат салыспайды. Ер болып, әйелмен ресторанға кірсең және даяршы саған сәлем беріп, әйелді елемесе, неге «Әйелге де неге сәлем бермедің?» деп айтпасқа? Күрделі тақырып болған соң, жыныстық теңсіздік тақырыбын жауып, оны елемеген оңайырақ. 

Кейбіреулері биологиялық эволюцияны және ұрғашы маймылдар еркек маймылдарға табынғанын айтады. Бірақ біз қазір маймыл емеспіз ғой! Кейбіреуі кедей адамдардың да өмірлері қиын екендігін айта алады. Ол – шындық. Алайда гендер мәселелері және әлеуметтік санат – бұл екі түрлі мәселелер. Мен дискриминацияның түрлері қалай жұмыс істейтінін және кейде екі түрлі дискриминация құрбындары бір-бірінің мәселелеріне соқыр бола алатынына көзім жетті. Бірде мен афроамерикандық досыммен сөйлесіп отырғанда ол «Неге сен міндетті түрде «менің әйел ретіндегі тәжірибем» деп айтасың? Менің адам ретіндегі тәжірибем деп айтсаң нең кетеді?» деп ашуланды. Ал ол өзі жиі «менің афроамерикандық ретіндегі тәжірибем» деп айтушы еді...
Жыныстық теңсіздік шынымен қоғамда орын алған және біз оны өзгерте аламыз. Кейбіреулер «Дегенмен, әйелде шынайы күш, ерлерді бағындыратын күш бар ғой!» деуі мүмкін. Бұл дегеніміз әйелдер өз қалағанын ерлерден алу үшін өздерінің сексуалдығын қолдануы болып табылады. Бірақ бұл әрекетті шынайы «күшке» жатқызуға болмайды. Себебі ол басқаның күшін пайдалану арқылы ғана өз қалағаныңа жету болып табылады. Ал сол басқа адамда көңіл-күй жоқ болса, ол ауырып тұрса, немесе импотент болса – сонда қалай?
Кейбіреуі ерлер әйелдерді бағындыруы мәдениеттің тұрақты бір бөлігіне айналып кетті деуі мүмкін. Бірақ мәдениет әрдайым өзгеріп отырады емес пе. Менің Лагоста тұратын әп-әдемі жиен егіз сіңлілерім бар. Жастары он бесте. Егер ол қыздар жүз жыл бұрын туылса, оларды туыла салысымен өлтірер еді, себебі егіздерді өлтіру біздің мәдениетімізде болған. Сонда мәдениеттің мағынасы неде? Декорациялық (билер, т.б.) қабілетінен басқа мәдениеттің негізгі мақсаты – халықты сақтап қалу және оның өмірін жалғастыру. Біздің отбасымызда халқымыздың тарихымен ең қатты қызығатын мен. Алайда, тематикалық жиналыстарға менің тарихпен онша қызықпайтын бауырларым ғана бара алады, себебі мен әйелмін және менің дауыс беру құқығым жоқ. Мәдениет адамдарды емес, адамдар мәдениетті жасайды. Және мәдениетке әйел адамдар кірмесе, біз мәдениетті өзгерту керекпіз.

Мен досым Окуломаны әрқашан жадымда сақтайтын болам. Ол көп жыл бұрын мені феминист деп атағанда дұрыс болды. Иә, мен феминиспін. Окулома мені феминист атаған күні мен үйге барып ол сөздің мағынасын сөздіктен қарадым. Ол жерде «Феминист – ерлер мен әйелдер арасындағы әлеуметтік, саяси және экономикалық теңдікке сенетін адам» деп тұрды.

Менің үлкен әжем феминист болды. Өзі сүймейтін ерге үйленбеу үшін үйінен қашып, жүрегі қалаған кісіге үйленді. Ол ұнамайтынына «жоқ» деп, оған әділетсіз болғандарға қарсы шығып, өз ойын әрқашан айтып отыруға қорыққан емес. Үлкен әжем «феминист» сөзін білмесе де, нағыз феминистің өзі болды. Оның үстіне, әжем қазіргі уақытта өмір сүрсе, «феминист» ұғымын толықтырып, өзінікін қосар еді. Мен «феминист» сөзін былай анықтар едім: Феминист – ол қазіргі таңда жыныс теңсіздігі мәселесі бар екенін мойындайтын және сол теңсіздікті түзегісі келетін кісі (ер немесе әйел). Мен білетін ең ақылды феминист – ол менің Кенни бауырым. Кенни сондай-ақ мейірімді, дидарлы, жақсы жігіт. Және олның ерлігі шексіз.


Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Қытай елінің мақалдары.