Киевке саяхат.

Наурыз айында жұмыспен Киев қаласына саяхаттадым. Киевтен қандай әсер алдым?

Алматыдан Киевке ұшақпен бес жарым сағатта жеттік. Ұшып келген кездегі бірінші байқағаным: әуежай кішкентай, Алматынікіне ұқсайды (=онша емес). Тура Алматыдағыдай, әуежайдан шығарда таксистер мазалап тұрады. Сол таксистердің біреуімен келістік. Жүргізуші орысша сөйледі (акцентпен) және біздің Қазақстаннан келгенімізді бірден білді. Менің жалпы байқағаным: жаңа қаламен танысу такси жүргізушісінен басталады. Ол кісі көп сөйлеп, көңіліңді аулап отырса, қалада да сондай адамдар кездесіп отырады.
Киевті көргенде келген бірінші ой: Алматыға ұқсайды. Жаңа Тбилисиге ұқсайды. Кеңес өкіметінің ізі деген негізі өшірілмейтін, тазаланбайтын зат қой деймін. Жалпы қала сұрша. 
Қонақ үйіміз өте ұнады. Кездестірген кісілердің барлығы жақсы боп көрінді. Шынымды айтсам, орыстарға өте ұқсайды екен. Окей, бұл айқын ақиқат екенін білем. Бірақ мен украиндықтарды гректерге ұқсайтын, өте әдемі деп елестетінмін. Сосын байқағаным: бәрі өзара және бізбен орысша сөйлеседі. Орыс тіліне бойкот қойылмаған.
Тамағына келетін болсақ, Киевте болсаңыздар міндетті түрде "Вареничная Катюша"-ға кіріңіздер. Қаланың көп жерінде бар кафе. Іші жайлы, тамақтары өте дәмді және қымбат емес. Маған әдетте ұнамайтын тұшпара, варениктер және сүзбелі құймақтар (сырник) керемет боп шықты. Украиндықтар ғана дайындай алатын шығар бұл тағамдарды!

ПС. Бір рет тұшпараны етпен алып едім, шошқа етімен боп шықты ғой дейм. Шошқа етін ешқашан жемедім демейм (көп затқа қосылады ғой), бірақ тұшпараны мүлде жей алмадым. Ал бекон сұмдық ұнады!
Маған Киевті бәрі мақтайтын. Жайлы, қарапайым, әсем қала деп. Жаман қала деп айта алмайм, әрине, бірақ асып-тасып бара жатқан ештемесі жоқ. Осындай қалаларға барғанда Қазақстандағы өмір жаман емес екенін түсінем. Тбилисиге барғанда да сондай сезім болған. Туристерге арнап ештеме істемеген. Қалаға қарау алаңында түк жоқ. Қалаға қарағанда өзен көзге түседі. Осымен болды. Ең әйгілі жерлерінің көбісі ғибадатхана, шіркеулер. Олардың ішіне кіргім келмеді. Сосын ескі, кеңес өкіметінен қалған ғимараттар. 
Әрине, мен Киевте жұмыспен болдым. Бір-ақ күн. Көбінесе асығыс және жалғыз серуендедім. Жаман қала деп айтпайм. Бірақ екінші рет Киевке бармай-ақ қойсам болатынын түсіндім. 


ПС. Қала тып-тыныш. Ешқандай ұлтшылдық көңіл күй жоқ. Естігендеріңіздің бәрі өтірік, барам десеңіздер, қорықпай барсаңыздар болады. 

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Жарты жылда оқыған кітаптарым.