Аса әсерлі кісінің жеті дағдысы, Стивен Кови



Бүгін соңғы оқып біткен кітабым, Стивен Ковидің «7 навыков высокоэффективных людей» атты еңбегі туралы айтатын болам.

Кітап 1989 (!) жылы жарық көрген болғанымен, оның орысша электрондық нұсқасын табу қиынға соғады. Меломан дүкенінде кітап 3850 теңге тұрады және сөреде басқа бизнес-әдебиетіне арналған шығармалардан ерекшеленіп тұратындай. Алайда, барлық дерлік американ профессорлер оқуға кеңес беретін шығарма шынымен көңіл бөлуге тұрарлық па?

Әуелі әсерлі кісінің жеті дағдысын атап өтейін:
1. Проактивті болу. Ол деген тағдыр, ата-ана, қоғамнан сен үшін шешім қабылдауын күтіп отырмай, өзіңнің өміріңді өз қолыңа алу деген сөз.
2. Істі оның нәтижесін елестетіп отырып бастау. Басқалар істегенді, сенен күткенді ойланбай істей бермей, нәтижесі сен үшін маңызды заттармен айналысу да осы кезде іске асады.
3. Бірінші істеу керек затты ең алдымен орындау. Бүгін маңыздылығы қатты көрінбейтін, бірақ нәтижесінде сен үшін ең керекті жұмысқа күніне кем дегенде жарты сағат бөлуді ұмытпа.
4. «Жеңу/Жеңу» бағытында ойлай бастау. Төртінші дағдыдан бастап аутыр адамды өзінің жеке қасиеттерін ғана емес, басқалардың да қасиеттерін дамытуына көңіл аудартады. Өзім жеңіп, басқаны жеңілдіруді емес, екі жақтың да жеңуін қалауға шақырады. Бұл қасиеттің арқасында адам басқаларға түсінушілікпен қарап, көмектескісі келеді. Сөйтіп, екі жақ та жеңеді.
5. Бірінші түсінуге, сосын түсіндіруге ұмтылу. Басқаны шынымен тыңдап, өзіңмен салыстырмай, кеңес беруге асықпауға шақырады.
6. Синергияға ұмтылу. Түсінушілік, еркіндік, бір-біріне шабыт беру және аса ашық атмосферада болатын ғажайып сезімдер туралы және сондай синергияның жүмыста, үйде, сабақта, басқалармен араласуда пайдасы туралы айтылады.
7. Дағдыларды ұштау. Жұмыс барысында бір мезетке тоқтап, өзіңе сырттай қарап, жұмысқа басқа жақтан кірісу туралы айтылады.

Мерлін Фергюсон айтқандай, «ешкімді өзгеруге мәжбүрлей алмайсыз. Әр кісі өзінің өзгеру қақпасын қорғап отырады және қақпа іштен ғана ашыла алады. Сондықтан, біз басқалардың қақпасын сырттай аргументтермен де, эмоциямен де аша алмаймыз».

Иә, осы кітапты оқып алып, өмірлерін күрт өзгерткен кісілер туралы көп естідім. Олар, бәлкім, бұған дейін даму туралы басқа кітаптар оқып көрмеген, әдеби «пәк» кісілер. Себебі кітап та, аутыр да маған мүлде ұнамады.
Біріншіден, жазушының ойлары шыбындар сияқты ұшып жүргендей көрінеді. Аутыр сол шыбындарды реттей алмай, қай шыбын ұсталса, соны жазуға асығып отырғандай болды (өте онша емес мысал, білем. Осындай суретті елестеттім, қайтем). Ойлары шашылып жатыр Стивеннің.
Екіншіден, кітап 400 бетке созылған! Басында Стивеннің (аутыр қайтыс боп кеткен) балаларының әкелері туралы эсселері қанша ұнағанымен, артық ақпарат көп. Оның бәрін алып тастасақ та, кітаптың өзі өте созылып кеткен. Бір ойды жазушы он бетке созады. Ал шын мәнінде, кітаптағы ойлардың бәрі өте қарапайым және 2-3 сөйлемде айтыла алады. Кітапты 70-100 бет қып шығарса болар еді (балаларының эссесімен қосып).
Үшіншіден, Стивен Р.Кови – жазушы емес. Жақсы спикер, жақсы бизнес-тренер, бірақ жазушы емес. Ақша жасаудың амалы шығар, жақсы, ұтымды ойларын басқалар қағазға баспағанша асығып осындай былжыраған кітап шығару. Бірақ бұны оқырмандарға деген құрметсіздік деп санаймын. Көптің айтуы бойынша өзін-өзі дамыту туралы ең үздік болмаса да ең әйгілі әдебиеті осындай боп шыққанына көңілім қаншалықты қалғанын түсінетін шығарсыздар.

Қысқасы, кітаптың қысқа нұсқасын сатып алып оқуға кеңес беремін.

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Жарты жылда оқыған кітаптарым.