Жарты жылда оқыған кітаптарым.


1. «Үлкен үміттер», Чарльз Диккенс (Большие надежды). Жалпы, оқу барысында кітапты қатты жек көрмедім. Бірақ оқып біткен соң уақытым қаншалықты мағынасыз өткенін түсіндім. Ескі еңбек қой, өте бұрыңғы ағылшындардың тұрмысы, өмір салты және мәселелері туралы айтылады. Мәселе сол баяғы бай мен кедейдің арасындағы теңсіздік. Жетім байқұс балаға кенет көп ақша басына құлап, ол байлар өміріне байқаусызда түсіп кетеді . Басында өзін сол аристократтармен бір қатар деп ойласа да, кейін кейіпкер есейеді де өзінің кім екенін түсінеді. Жазушы бекер классикке айналмаған ғой, шығарма керемет жазылған. Кейіпкерлерді бейнелеуі өте сәтті және мазмұнда жағымды тұстары көп. Дегенмен, мен тура осындай кітаптарды тым көп оқып тастадым және ағылшындардың қарапайым бірақ асыра мақтанылатын әдебиетінен шаршаған сияқтымын. Ал ең маңыздысы: мына кітаптың біздің ғасыр оқырманына беретіні жоқ. Жалпы адамдық қасиеттерді басқа, бұдан әлдеқайда жарқынырақ кітаптар да үйрете алады.

2. «Ит жүрегі», Михаил Булгаков (Собачье сердце). Орыс тілді оқырмандардың барлығы Шебер және Маргарита кітабын қаншалықты жақсы көрсе, мен соншалықты бұл романның сәттілігін түсінбейм. Жазушы репертуарынан оқыған екінші шығарма да аса көңілімнен шықпады. Едейі сол кезге жаңа болған шығар... жалпы, кітап мазмұны жаман емес және өте, өте шеберлі жазылған. Бірақ мүлде менікі емес. Түсіндіре алмайм неге, бірақ әйтеуір Булгаковтың жазуы жүрегіме қонбайды.

3. «Анна Каренина», Лев Толстой. Міне, нағыз классика! Роман өте көлемді болғанымен, өте оңай оқылды. Толстойдың шығармасын бірінші рет оқыдым және жазушының шеберлілігіне тамсандым. Мейлі, кітапта сол заманның шаруашылығы тым көп бейнеленсе де (менше, өлмейтін кітаптар ондай өтіп кететін заттарға аса көңіл бөлмеу керек), мейлі кейбіреулер жазушыны әйел жанын түсінбеген десе де (жартылай шындық), кітап бәрібір керемет. Осы мен таң қалам: Ресейде дерлік бір уақытта қалай Пушкин, Достоевский және Толстой шедеврлер қалдырып кетті? Орыс тіліне және орыс халқына не деген бақыт бұл кісілердің болулары! Орысша айтқанда, «повезло». Достоевскийді шын жүрекпен, қатты жақсы көрем және Толстой ондай сүйікті аутырым боп кетті деп айта алмайм, бірақ орыс халқына «Анна Каренинаның» «Қылмыс және жазадан» неге маңыздырақ екенін жақсы түсінем.
ПС. Вронскийді жақсы көріп қалғаным туралы айтпай-ақ қояйын.

4. «Мұрын», «Шинель», «Сурет» повестері, Николай Гоголь. Неге екенін білмейм, бірақ Гоголь мен Чеховті шатастырам да жүрем J Жылдың ең жағымды жаңалығы осы Гоголь болды. Бұл кісінің жазу мәнеріне ғашықпын. Тым жақсы жазады екен. Қысқа, бірақ жүрек пен ойды тесетіндей көркем. Ұялтатындай шынайы, күлетіндей шеберлі. Керемет. Әсіресе Шинель ұнады. Кәзір ойласам, тітіркенем (жақсы мағынада), себебі осы шығарманы оқып отқанда мен бір күйіп, бір күліп отырдым. Кеңес кезеңіндегі кісілердің ойлау, жұмыс істеу дағдылары солай жақсы, нақты көрсетілген! Кітаптағы кейбір диалогтар барлық әдеби сыйлықтарды алуға сай үздік жазылған. Шинель жүрегімді жаулап алды, қысқасы.

5. «Жол», Кормак Маккарти. Постапокалипсис жанрындағы оқыған бірінші кітабым. Әлемде жалғыз қалған әкесі мен кішкентай баласының тамақсыз, дұрыс киімсіз, ал ең бастысы – көрінетін мақсатсыз келе жатулары туралы. Туынды негізі ең алдымен әкенің баласы үшін мықтырақ болуы, мағынасыз өмірде баласында мағына көруі туралы. Екі кейіпкер қайда бара жатқандары, басқаларға не болғаны туралы ештеме онша айтылмайды. Өте қараңғы, қорқынышты атмосферада жазылған шығарма. Кейбір кездері өте қатты қорқып оттым (менімен өте сирек болатын зат). Кітап өте ұнады.

6. «Шектен асқан бақыт», Элис Манро. Белгісіз (мен үшін) жазушының қысқа әңгімелер жинағы. Жақсы досым сыйлаған болмаса бұл кітапты байқап, сатып алуым және оқуым екіталай. Күрделі қылғысы келгенімен, жеңіл, есте қалмайтын әңгімелер. Аса ұнамады.

7. Фариза Оңғарсынованың өлеңдер жинағы. Кітапты оқып біткенде «ақынның көп өлеңдері сүйіктілеріме айналды» деп жазыппын. Ал кәзір бір де бір өлең есімде жоқ. «Жігіттердің жүрегін ұрлай бергім келмейді» деген нәзік өлеңнің аутыры дегенмен басқа да нәзік, қыздарға арналған әдемі өлеңдер жазыпты. Бірақ, мен ойлағандай барлық өлеңдері керемет емес.

8. «Теңіз қасқыры», Джек Лондон (Морской волк). Тағы да классика. Бұл кітаптан кейін мен Джек Лондонның басқа шығармаларын оқымай-ақ қоям деп шештім. Мартин Иден қаншалықты ұнағанымен, басқа жұмыстарында Джек қайталана береді екен. Кісі қасиеттерін жоғары қоймайтын, бірақ мықты, үздік кісілер жеңіліп, басқалардың қағидаларын қабылдауы туралы әңгімелерін жеткілікті оқыдым J

9. «Тиффанимен таңғы ас», Трумен Капоте (Завтрак у Тиффани). Бірінші және әзірше жалғыз тыңдаған аудиокітабым осы. Өте жеңіл, терең емес мазмұнды туынды екен. Ешқандай берер сабағы, мәні жоқ. «Жақсы» жігіттердің ерекше, бірақ «жаман» қыздарды жақсы көріп қалулары туралы кітаптарда бір фарс, әлсіздік бар сияқты болады да тұрады. Сол себептен әлемге әйгілі, бәріне ұнайтын «Ұлы Гетсби» де ұнамаған маған.

10. Марина Цветаеваның толық өлеңдер жинағы. Бұрын вконтактеде бір жақсы топта Цветаеваның цитаталары ең қатты ұнап отыратын. Ойларының бәрі маған жақын, ерекше көрінетін. Сондай-ақ, ақынның көптеген өлеңдерін өте қатты жақсы көрем. Дегенмен, бұрынғы сценарий қайталанды: ақында басқа да, онша емес өлеңдері бар екен және соларды оқып, ақыннан жалпы әсерім әлсіреп қалды.

11. «Боранды бекет», Шыңғыс Айтматов. Кітапты орысша оқыдым L Осымен өкініштерім бітеді. Боранды бекет – сүйікті жазушымның қаламынан шыққан бірінші кітабы екен, сондықтан, мен бұл туынды аса бір шедевр болады деп күтпедім. Алайда.... қайтадан! Қайтадан менде таң қалу, шексіз құрметеу және жазушының дарындылығына тамсану! Өзіміздің, қазақ кейіпкерлеріміз, өзіміздің Байқоңыр, өзіміздің жерлер туралы көркем әдебиетті оқу қандай бақыт. Кеңес өкіметі кезінде соғыстан тірі келген, бірақ немістердің тұтқынында болып келген қазақтарды қудалау туралы жерлерін оқығанда сезімдерім асып-тасып жатты. Және кітапта Найман ана туралы аңыз (оқып жатқанда жүрегім үш рет тоқтады), Шыңғыс хан туралы аңыз және тағы бір қызықты сюжеттік желісі бар. Шыңғыс атаның шеберлілігі бірінші кітапта да айдан анық көрініп тұрады. Жазушыны одан да қаттырақ жақсы көріп қалдым (ол мүмкін емес деп ойлап едім).

12. «Кездейсоқ вакансия», Джоан Роулинг. Кітап шамамен 700 беттен тұрады және бірінші 150 бетте мен «бәлкім, Джоан Ханым тек фантастика жаза алады» деп пайымдағам. Қателесіппін, өте қатты қателесіппін! Моцарт туралы бір кинодағы бір көрініс есімнен кетпейді: Сальери Моцарттың ноталарын көргенде жүрегін ұстап, қиналып кетеді. Неге десеңіздер, Сальери сол кезде Моцарттың гений екенін түсінеді. Ноталар бір де бір түзетусіз қағазға түскен екен. «Сонда ол әуенді шығарып отырмайды, ол ойында дайын тұрған әуенді қағазға түсіре салады екен ғой!» деп таң қалады.
Сол сияқты, заманауи жазушыларда көбінесе ережелерге бағыну, немесе керісінше, ерекше көріну үшін ережелерді елемеу, бірақ жалпы қасиет – көп ойланып жазғандары көрініп тұрады. Ал Джоанның жазу стилі – нағыз классиктікіндей, ойындағы күрделі, көркем әңгімені қағазға жазу.
Иә, жасөспірімдерге арналған әдебиет жазушысы амплуасынан ауытқу үшін жазушы кейбір артық нәрселерді жазған. Мысалы, жыныстық қатынас, тағы басқа интим сценаларды жете баяндаған. Басқа мін жоқ кітапта.

13. «Көңілімнің санасы» - Абай Құнанбайұлының өлеңдер жинағы. Бұл кітап туралы мен бір жазба бұрын жазғам, қайталанбайын J

14. «Аса әсерлі кісінің жеті дағдысы», Стивен Кови (7 навыков высокоэффективных людей). Даму туралы әлемдегі ең әйгілі әдебиетте көңілім қалғанымен, сол жеті дағдыны әр кісі біліп, түсіну керек деп ойлайм. Толығырақ соңғы жазбада.

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы