Немат Келімбетов: Үміт үзгім келмейді.


Кітап туралы ойым екі жақты. Біріншіден, жазушы Немат Келімбетов нағыз сөзге шебер кісі екен. Әр сөйлемде кем дегенде екі көркем тіркестер жазып отырды. Қазақ тілінде сөздерді соншалықты жарастырып жазған басқа адамды әлі оқымаппын. Сосын, аутырдың сөздері таусылмайды екен. Керемет жазылған кітап.

Екінші жағынан, жазушы әр нотаны керемет орындайтын, бірақ бір күй шерте алмайтын, сондықтан созып, тыңдармандарды шаршататын дарынсыз күйшіге ұқсас екен. Кітаптың бірінші жүз елу (жүз елу!) бетін екі-үш сөйлемге сыйдырса болар еді. Науқастың опа (операция) алдында ойланып, күрсінгені жүз! елу! бетке созылғанын кешіруге болмайды. Кейіпкерде қайталанбас, теңіздей терең ойлар болса бір жөн. Бақыт деген не? Өмірге не үшін келдім? деген қарапайым сұрақтарына жүз елу бет қарапайым жауаптармен шаршатады. Сол үшін мен бұл романды екі ай оқып әрең бітірдім.
Кітап үш кеіпкердің күнделігі ретінде жазылған. Ең қызығы: үшеуі де бірдей жазады, ойлайды екен! 

Кітап мазмұнына келсек, ол бір аурудан мүгедек боп қалған ер адам, оның жұбайы және басқа мүгедек болған адам туралы. Бірінші адам, айтпақшы, немен ауырғаны белгісіз. Кейіпкерлерге, жазушыға белгілі шығар, бірақ оны оқырманға айтпайды. Оданша кейіпкердің бақыт туралы ойларымен бөлісуді жөн көрген шығар.
Әрине, ауыр тағдырға тап болған адамдар туралы болған соң, аянышты, көзге жас келетін кездері көп кітаптың. Бас кейіпкердің әйелінің күйеуіне деген сүйіспеншілігі, шыдамдылығы, ойларының пәктігі шынымен таң қалдырар.
Екінші науқас адамның әйелі «жаман» боп шығады, күйеуін тастап кетеді. Осыған қарағанда, жазушы бұл кітапта «әйелдердің екі түрі болады» дегісі келген сияқты. Тастап кеткен әйел бақытсыз боп бітіп, ал науқас басқа үйленбеген басқа жас әйелді тауып алатыны да өте қызық. Бір сұрақ: сол әйелдерді жамандаған, бөлген ерлер өздері мүгедек әйелге қарайтын еді ме? Немесе әйелі мүгедек боп қалса төсегінің жанынан шықпай, қарап, күтер ме еді?..
Мен бұл сұрақтың жауабын білем, сіздер де білесіздер деп үміттенем.

Немат Келімбетов – түркі халықтарының әдебиетін зерттеген ғалым, аудармашы, филолог және кітапта сыйпатталған оқиғалар өзімен болған (кітаптың аяғында солай айтады). Ол кісінің қайраттылығына тамсанам және әдебиетіміз үшін жазған, аударған еңбектеріне алғысым зор. Дегенмен, бұл кітапқа онның ішінде «алты» деген баға берем.

ПС. Бұл кітап мемен бірге Амстердамға саяхаттады және мен Мадам Тюссо мұражайында кітапты қызықты суреттерге түсірдім:


 

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Қытай елінің мақалдары.