Заманауи қазақ әдебиетінде ұнамайтын заттар.


Рас, қазақша кітап оқи бастағаныма екі-ақ жыл болды. Екі жыл ішінде оқығаным да аз: өлеңдер жинақтарын қоса есептегенде он кітап. Әйтсе де, сол арада қазақша жазылған көркем әдебиетінде бір ортақ тұс байқадым. Ол – қарапайымдылық. Атап айтқанда:
(Ескерту: Бұл қатал сөздер менің заманауи кітаптарды оқығаннан кейін жиған ойларым. Барлық қазақша кітапты оқып, пайымдап тастаған жоқпын)

1. Кітап кейіпкерлері тым қарапайым, ашығын айтқанда ақылсыздау боп келеді. Неге екенін білмейм, бірақ жазушылар көбінесе ауылдан шыққан, бәріне алданатын, терең ойға берілмейтін, көптің ішінде тез жоғалатын біреулер туралы жазғанды жөн көреді. Маған ондай адамдар туралы оқу қызықсыз.
2. Қазақша кітап аз, бәсекелестік жоқ, сондықтан орташа жазылған кітаптар да жарық көріп, оқырманын тауып, бүгінгі күнге дейін сақталған. Ал шын мәнінде көбісі ағаш кесіп қағаз бетіне шығуға тұрмайды, себебі ол қағаздарда жазушының таяз, қарапайым ойлары жатыр. Мысалы, кітапта: «Уа, шіркін! Кейбір кісілер өте мейірімді. Олар адамға жақсылық жасаудан шаршамайды. Ал кейбір кісілер тасжүрек боп келеді. Олар тіпті өз аналарын қалдырып кетуі мүмкін. Иә, өмір деген сол ғой. Адамдар әртүрлі болады. Бес саусақ бірдей емес. Мысалы...» деген жолдар кездесуі мүмкін. Мұндай қарапайым сөздерді тек блогта жазуға болады.
3. Заманауи жазушылар тексерілмеген ақпаратты төге береді. Қазақша кітаптарда талай рет «ғалымдардың айтуы бойынша,...» деген сөздерді кездестірем. Қай ғалым, қашан, неге олай айтқанын білмесе, несіне ол ақпаратты бізге айтады?
4. Қайтадан қарапайымдылық. Бұрын жазушыларымызда ең сынға келмейтін тақырып болды: соғыстың салдары. Соғыстан жетім қалған, жесір қалған, аш қалғандар туралы жазуға болды. Ал қазіргі жазушылар (қазіргілерге елу жыл бұрынғыларды да жатқызам) не жазарларын білмей, сол баяғы қалаға ауылдан келген жігіттердің өмірлерін сипаттап әуре. Қандай қызықсыз.

Жәрәйді, алда әлі талай қызықты қазақша кітаптар оқим деп үміттенем.

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Қытай елінің мақалдары.