Қызықты қыркүйек.

Қыркүйек оқиғаларға толы болды: жақсы және жаман. Әйтсе де, ай ұнады және барлық өзгерістерді жақсыға жоруға тырысам. Күздің бірінші айында бірнеше мәдени шараларға қатыстым. Солар туралы айтқым келеді.
1. Күз жақсы басталды: 91 тобының концертіне бардым. Екі билет алып, ақырында жалғыз барсам да, концерт толығымен көңілімнен шықты және ештемеге өкінбейм. Шынымды айтсам, бұл мен барған ең керемет концерт болды. Барлық дерлік әндерін білетін, шынайы жақсы көріп, тыңдап жүрген әншінің концертіне бару осылай болады екен ғой. Топтың мүшелері сондай харизмаға толы, сүйкімді жігіттер! Сахнаға өте жақын отырдым және тіпті топ мүшелері мені анық көрді. Ешкім сенбейді, бірақ Бала маған қарап 1-2 рет ән айтты :) Жалпы, концерттен кейін Бала өте қатты ұнап қалды. Өмірімде бірінші рет концерт белгіленген уақыттан жарты сағат өтпей жатып басталды (әдетте концерт басталуын бір жарым-екі сағат күтетінмін) және әншілер тыңдаушыларымен сөйлесуге, біздің көңілімізді көтеруге тырысты. Жігіттерді одан да қаттырақ құрметтеп кеттім. Қысқасы, керемет болды.
2. Журналистерге арналған Art of storytelling фестиваліне бардым. Онда жемісті және айтары бар басқа елдерден келген журналистер жарты сағаттан сөйлеп, өздерінің жұмыстары туралы айтты және қазақстандық журналистерді шабыттандыруға тырысты. Өз басым қатты шабыттандым журналистерді тыңдап отырып. Сөз, мәтін арқылы әлемді өзгертуге болатынына тағы бір дәлел алдым.
3. Айдың аяғында Абай атындағы Мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында бір опера, бір балет көрдім. Опера "Абай" деп аталады, бірақ басты кейіпкер Айдар мен Ажар деген ғашықтар. Әрине, Астанада көрген Біржан-Сара операсына кішкене жетпейді: "Абай" желісі мұңды, қараңғы болғандықтан, декорациясы да көмескі көрінді. Бірақ әртістер өте ұнады. Өте дарынды адамдар. Опера қазақ тілінде, әрине.
Ал балетке бүгін барып келдім. Ромео және Джульетта туралы балет. Бұл балеттің кереметтілігінде сөзім жоқ! Өте қуандым: бишілердің бәрі қазақтар екен. Мен елімізде балетке барса тек орыстар шығар деп ойлайтынмын. Және Джульеттаның рөлін сомдаған қыз ерекше дарынды, әдемі екен. Маған өте ұнады.

4. Күзде менің өзгергім келеді де жүреді. Осы жолы айдың 25 күні дұрыс тамақтандым. Қытай тілін оқи бастадым. Бұрыннан жоспарлап жүрген ойларымды іске асырдым. Жақсы кітаптар оқыдым. Жиырма тоғызға толдым.

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Қытай елінің мақалдары.