Қазан мен қараша: Абай, Ах Астахова, Тбилиси, Лондон, Димаштың Лондондағы концерті

Муракамидың бір кейіпкері айтпақшы, "сондай адаммын - ойларымды дәптер бетіне жазбасам, өз-өзімді түсіну қиын". Күнделік, блогқа өзімді түсіну, басқаларға түсіндіру үшін жазам.
Қазақша біртүрлі жазам... оқи бергің келмейтіндей жазам. Сөздерді бір біріне қисынсыз қосам. Сөздерді білем, бірақ оларды қалай қолданатынын білмейтін сияқтымын. Жазбаларымды оқып, ұялам. Ойларым шатасқан, тым аңғал жеткізілген болса да, орысша жазған assem-kz.blogspot.com блогымдағы жазбаларым әлдеқайда қаттырақ ұнайды. 
Арманым - қазақша көркем, тартымды, қызықты жазып үйрену. Кісілерді жазуларыммен қызықтырып, қазақша көбірек мәтін оқуларына себебімді тигізу.

...Әдеттегідей, күз көп арман, амбициялармен басталды. Ортасы орташа, сосын күшті, ал аяғы тіпті мұңды болды. Ал бәрі біткеннен кейін мен оның жағымды жақтарын жақтап, келесі мезгілге үзілмйтін үміттер төгіп отырм. Әр мезгілім солай басталып, солай бітеді.

Қыркүйекте бастаған мәдени шаралар қазанда да жалғасын тапты. Әуезов атындағы драма театрында "Абай" қойылымына бардым. Оқиға желісі тура Абай балетіндегідей боп шықты: Ажар және Айдар деген ғашықтарға Абайдың көмектесуі. Бірақ қойылым Абайдың кейіпкерін жақсырақ ашты және жалпы хикая тереңірек. Мысалы, қойылымның ең аяғында өмірден көңілі қалған Абайға адамдар "сен қазақтарды құтқарасың, ұлы адам боласың" деп айтады. Және Абайдың рөлін өте сымбатты, көрікті жігіт сомдады - бұл да маған өте ұнады ;)

Қазанда сонымен қатар ресейлік жас ақын Ах Астахованың шығармалық кешіне бардым. Керемет болды! Ақын сахнада өлеңдерін өзінің әдемі дауысымен, ешқандай қағазға қарамай, әсерлі орындады. Сыңғырлаған дауысы, әдемі шумақтары және терең ойларының арқасында көрермендердің барлығы кештен қатты әсер алып шықты. Ал Астахова кейбір мұңды өлең жолдарын оқығанда көзіме еліксіз жас келіп отырды. Керемет екен.

Қазанның аяғында құрбым Олесяны көру үшін сонау Тбилисиге барып келдім. "Эйр Астананың" қызметкерлеріне арналған жеңілдіктеріне рахмет, дегенмен, қайтар рейсте ұшаққа сыймай қалып, Тбилисиде тағы бір күнге қалғаным бар :) Тбилисиде болған 3-4 күннің нәтижесі: қазір мен досым француз жігітті қазақ тіліне үйретіп жүрм. Осы жобаның аяғы жақсы болса екен...

Тағы бір мен үшін жаңа Қазақстандық қала - Өскемен. Жазда бір адам Өскемен туралы айтқанда "жұмыс бойынша сол қалаға барсам ғой" деген ойым орындалды! Жарты күн болдым. Мемлекетіміздің барлық қалалары бір біріне ұқсайды: кеңес үкіметінің ізі қалған, ескі қалалар. Өскемен де сондай боп шықты.

Ал енді ең басты оқиға (күздің де, жылдың да) - мен Димаш Құдайбергеннен ұшақ бортында сұхбат алу үшін Лондонға саяхаттадым. Жұмыс бабымен...иә, менде арман жұмыс.
Бесінші сыныптан Лондонды көру, сонда оқу және тұруды армандасам да, Ұлыбританияға барарда біраз қобалжыдым: визаны бір аптада жасауым керек болды, жалғыз саяхаттау керек болдым (немесе бір жағымсыз адаммен), тағы басқа, тағы басқа.
Сонымен, 18 қараша күні кешкісін Лондонға ұшып келдім. Бірден ауызым ұрылды қателік жасадым: жақын тұрған қонақ үйге таксимен дерлік 50 долларға жеттім :( Түнге қарай шаршап келіп бірінші күні ешқайда шықпадым. Келесі күні метро, автобустармен адасып жүріп қаланың орталығына жеттім әйтеуір.... жетсем - ертегі. Қызық, ағылшындар өздерінің тіпті парламент үйін барлық кітаптарында солай жазған - туристер тіпті сол әкімшілік ғимараттарына келіп таң қалып, суретке түсіп жатады. Мың рет жаттап, ағылшынша айтқан тарихи жерлерді өз көзіңмен көру - есте қаларлық нәрсе. 


Лондонда мені келесі заттар таң қалдыртты:

- Туристік жерлерде жалықтыратын тур ұсынатын таксистер, кәдесый сататын дүкеншілер - ешкім болмады. Қанша адам келіп, бұл қалада ақша тастауға дайын болса да, Лондонға бәрібір сияқты болды;
- Түрлі ұлт, нәсіл өкілдері сондай көп, ал ақ адамдар аз. Және ешкім бір-біріне мән бермейді екен. Маған ешкім турист деп қараған да жоқ. Азиат, қаралар, ақтардың түрлі өкілдері жүрді;
- Метро. Мен көрген ең күрделі жүйелі, ең үлкен, ең қызықты метро. Қаланың бір шетінен екінші шетіне жету үшін түрлі линияларды ауыстырып жүре бересің. Жазу, хабарландырулардың бәрі ағылшын тілінде. Тек ағылшын тілінде. Біздің үш тілді хабарламалардан кейін Лондонда құлағың демалып қалады екен, Сосын метроға әр бекетінде мыңдаған адамдар кіріп жатты, бірақ оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ. Қауіпсіздік қалай сақталады екен сонда?..
- Ағылшындар өте мейірімді, барлығы көмектесуге дайын боп көрінді. Бәрі бірден "сәлем. кешір, рахмет" деген сөздерді айтуға дайын тұр екен :)
- Екі-үш жергілікті адам менің ағылшынымды керемет деді және мен Лондонда еріксіз ағылшын акцентімен (кішкене) сөйлеп кеттіп. Ағылшын тілін жақсы көрем!

Сонымен, бірінші күні қалада қыдырып-қыдырып кешкісін Димаштың концертіне бардым. Прессамен бірге vip боп жүрдім, кезексіз кіріп-шығып жүрдім. Әншінің ата-анасынан сұхбат алдық, әншіні жақыннан көрдік. Сосын концерт басталды.... Концерт туралы айтуға сөзім жетпейді. Бойы ұзын, көрікті, АСА дарынды қазақ Ұлыбританияның астанасында түрлі ел өкілдерінің алдында қазақша ән айтқан кезде бақытты болады екенсің. Бір де бір танымал әні болмаса да, Димаш харизма, дарындылығының арқасында екі жарым сағатты екі минуттай өткізді. Бәрі орындарында отыра алмай, билеп тұрды. Димаш сонымен қатар домбырада ойнады, залмен қазақша сөйлесті, оларды қазақшаға үйретті, күлдіртті.... Кеш керемет өтті. 

...Лондонда мен сонымен қатар Гарри Поттер дүкеніне және 9 3/4 платформасына бардым, сонда суретке түстім. Жалпы жалғыз саяхаттаудың минусы - суретке түсу үшін таныс емес кісілерден сұрап жүрдім. Оның өзі өнер: тек қыздардан сұрайсың (жігіттер телефонды ала қашса ше деп қорқам), сосын ол қыз жалғыз жүру керек, сонда сен де оны суретке түсіріп, көмегін жауапсыз қалдырмайсың.... тағы басқа.
Гарри Поттер дүкенінен біраз зат сатып алдым
Қалада толығымен үш күн, үш кеш қыдырдым. Ғашық боп қалдым қалаға. Сосын төртінші күні үйге қайттым. Қайтар жолда Димаштан сұхбат алдым (жақыннан одан да әдемірек екен).
Сөйтіп, үйге қайттым....

Шынымды айтсам, қарашаның соңғы аптасында біраз стресске түстім. Жұмыс, өзімнің еріншектігім үшін. Жұмыстағы әріптестеріммен бір жыл бірге жұмыс істесем де оларға әлі үйрене алмай келем. Ашық, аңқау болып, талай күйіндім осы адамдардан. Шындықты айтатыным үшін бірінші рет осыншама өкіндім. Қазақ тілділерді "қазақтар" деп, өздерінен бөлетін, суық адамдармен ешқашан дос бола алмайтынымды талай рет түсінсем де, ұмытам, шындығыммен сүрінем, өкінем, мұңаям. Шаршадым.

Бұның барлығы мен қараша бойы қытай тілін, қазақша көркем әдебиет оқымай, түк істемей, мақсатсыз жүргенім үшін болды деп санайм. Өзімді неғұрлым пайдалы, нәтижелі санасам, соғұрлым басқаларға бәрібір және өзімді жақсы сезінем.

Олай болса, қыс жемісті және нәтижелі болсыншы.

ПС. Инстант суреттерім және әсерлерімді инстаграмда жариялап отырам: instagram.com/konil_tolkini

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жамбыл Жабаев & Сүйінбай Аронұлы

Жарты жылда оқыған кітаптарым.