Leaving Neverland қазақша.

19-жылдың наурыз айында көп нәрсе болды. Соның бірі - менің мәңгілік кумиріммен қоштасу.

Жыл басында аты шулы Р.Келли туралы деректі фильм жайлы көп естіп, көрдім, оқыдым. Ол рэпер жас қыздармен abusive болған екен. Деректі фильм толығымен шындық боп шықты және менің ода күмәнім болмады. Ал содан кейін Майкл Джексон туралы фильм шығатынын естідім...

Майкл Джексонды мектеп бітірерде тыңдап, ол кісінің қандай дарынды екенін біле бастадым. Ол шамамен 2004-2006 жылдар. Ең қызығы, Майклды ата-анам да онша сүйсініп тыңдап, әр әнін білмесе де, әрдайым оны ең дарынды әнші деп айтады. Барлық хиттарын тыңдап, клиптерін көргеннен кейін ол әншінің шынымен ең-ең-ең дарынды адам екенін үйде бәріміз түсіндік. Тіпті арманымыз болатын - бесеуіміз бірге Майклдың концертіне бару. Ол кезде Майклды екі рет кішкентай балаларға "тиіскені" үшін айыпталғанын білмегем де. Сосын әнші қайтыс болды. Барлық телеканалдарда оның клиптерін бір апта бойы беріп жүрді. Интернетте де Майклдың шығармашылығына жиі назар аударып жүрдім. Сөзсіз жақсы көріп қалдым сол кезде Майклдың ҒАРЫШТЫҚ дарындылығын, терең мәтіндерін, бас кетірер қимылдарын, билерін, әдемі әуендерін, сүйкімді дауысын. Сол кезден бері әрдайым айтатынмын "Майклдан дарындырақ адам бұл әлемде болып көрмеген" деп. Сосын қызығы, оның әндері мен үшін соншалықты қуатты болатын - мен әдетте оның шығармашылығын тыңдамайтынмын. Тек кейде, аса көп музыка тыңдап отырып, ностальгияға берілгенде ғана қосатынмын Майклды. Себебі ондай пәк, әдемі, терең мағыналы, дарынды әндерді немқұрайлы тыңдау мүмкін емес болатын.

Әрине мен Майкл қайтыс болғаннан кейін және интернетім болған соң әншіге жабылған айыптар туралы естідім. Барлық фанаттар секілді, Майкл өзі кішкентай бала сияқты болды, сол үшін балалармен уақыт өткізгенді жақсы көрді, ол айыпты емес деп ойладым. Сот та солай шешті емес пе?
Дегенмен, 2015 жылы экспат әріптесіммен Қорғас-Алматы ұзақ жол жүріп бара жатқанда Майкл туралы сөйлескеніміз есімде. Әріптесім Майклдың кінәлі еместігіне сенбейтінін айтты. Сол кезде мен кумирім пәк, өзі кішкентай бала сияқты болғандығын шын жүректен қорғап айттым. Біраз бәсекеден кейін, менің "ол балалармен бір төсекте жатты, бірақ олармен түк істемеді" дегенімнен кейін "ал саған есейген ердің бөтен біреудің баласымен бір төсекте ұйықтауы - мейлі ол ештеме істемесе де - қабылдай алатын зат па? Қай жерде дос болу бітіп, біртүрлі болу шегі басталады?" деп сұрады. Ойлайтын шығарсыз, неге мен осындай сұрақты өзіме қоймадым деп. Біріншіден, мен шынымен Майклдың жанкүйері болдым және оған қатты сенгім келді. Сондай дарынды кісінің сондай жаман боп шығуы мүмкіндігін тіпті қарастырғым келмейтін. Үшіншіден, ол кезде педофилия тақырыбында тіпті ойлағым келмейтін - тым қорқынышты. Бірақ әріптесімнің сұрақтарынан кейін үндемей, ойланып қалдым. Шынымды айтсам, сол кезде Майкл "мүмкін кінәлі" деп ойлайтынмын, бірақ дәлел жоқ болды және Майклмен өскен атақты жігіттер Маколей Калкин, Уэйд Робсондар "ол бізге ешқашан тиіспеді, біздің досымз болды" деп қорғады ғой. Соларға сенуді таңдадым.

НВО арнасының келесі даулы деректі фильмі аталмыш Уэйд Робсон және Джеймс Сэйфчак деген жігіттердің (екеуі де кезінде әншіні сотта қорғаған) "Майкл бізге де зорлық көрсетті" деген мойындаулары туралы екенін естігенімде не ойларымды білмедім. Айта кетерлік жағдай: қазір әлемде, әсіресе батыста "Мен де" деген қозғалыс өте орынды. Ол бойынша, бұрын зомбылық көрген кісілер енді зорлаушылары туралы (ол атақты адам болса да) айтып, ерлер жұмыста әйелдерге мысқыл жасаулары, тиісулері бұрыс екендігін көрсетеді. Бұл қозғалыстың кереметтілігі - зомбылықтан құрбан шалғандарға әлем сене бастады. Мейлі зомбылық көрсетуші олардың сүйікті актерлері болса да. Сөйтіп, көптеген актерлер айыпталып, рөлдерінен айырылды (осы қозғалысты жақтырмайтын қыздарды жек көрем!)
АҚШ, батыс тренд, сенімдерімен жүргендіктен, менде де құрбан шалушыларға бірден сену рефлексі дамып кеткен. 

Бірақ Майкл туралы айыптарға тез сенуге дайын болмадым. Leaving Neverland-ты интернетте таппаған соң, сол деректі фильм туралы фильмдер, Уэйд пен Джеймстің басқа сұхбаттарын, басқалардың фильмді талқылауларын көріп жүрдім. Майклдың жанкүйерлері Уэйд 2005-жылы Майклды сотта қорғағаны туралы, оған кәзір қаражат керектігін әр жерде айтып жүрді. ..Қысқасы, өстіп 1-2 апта түрлі ой-пікірлерді оқып жүріп, бір апта бұрын аталмыш фильмді көрдім. Екі бөлімнен тұратын фильм. Бірінші бөлімді көріп біткенде не айтарымды білмедім. Нақты ақпаратқа толы (Майкл қалай, не істегенінің бәрі айтылады) боп шықты фильм. Шыны керек, Джеймске сеніп, Уэйдке сенбедім. Себебі Джеймске Майклдың тым артық назар бөлгенінің дәлелдері сақталған екен. Майклдың кішкентай Джеймске айтқан сөздерін естігенде біртүрлі болдым... кісі кішкентай балаға ондай заттар айтпау керек. Ал Уэйд Майкл қайтқаннан кейін неге оның атын қолданып, неге билеп жүрді оның билерін деген сұрақты өзіме қоя бердім, қоя бердім...
Сосын бірнеше күннен кейін екінші бөлімді де көрдім. Күмән қалмады. Жігіттер шындықты айтты. Ақыры Уэйдтің сонау 2012-2013 жылдары өзіне және отбасы мүшелеріне шындықты айтқаны туралы бөлімі ең қатты елжіретті мені. Өзін алдап, барлық туысын алдап жүрген жігіт шындықты айтқанда оның туысқандарының ашуы мен мұңы, барлығы анасын кінәлауы, анасы енді баласының үйіне кіре алмауы, анасы жылап "шынымен білмедім" деуі, "Майклды кешірсем де. өзімді кешіре алмайм" деулері жүрегіме инедей қадалды. 

Қандай трагедия. 

Қаншама бақытсыз өмірлер, адамдар. Әлі де осыны ойласам жылағым келеді...

..Бұл деректі фильмді көргенге дейін 1-2 күн бұрын мен фейсбукта "фильмнен кейін Майклдың музыкасы жойыла ма" деген сұрақ қойғам (ешкім жауап бермеді :)). Сосын сол түні құрбыммен қыдырып, үйге кеш келдім. Клуб сияқты жерлерден келгенде басымда музыка ойнап тұрған сияқты болады және қанша шаршап тұрсам да ұйықтай алмайм. Сол түні де ұйқым келмей, көптен бері бірінші рет youtube-та Майклдың әндерін бірінен кейін бірін тыңдай бастадым. Ол маған қоштасу сияқты болғаны үшін бе, айтуға ұят, бірақ жылай бастадым. Қанша ән тыңдасам да жас тоқтамады. Майклдың өнерімен қоштасуға дайын емес екенімді түсіндім. 
Неге жыладым? Ғарышпен бірдей керемет әндермен қоштасқым келмеді. Өмір бойы ең дарынды санаған адамым педофил боп шығуын тілемедім. Ең ақылды, нәзік, пәк санаған адамның монстр боп шығуын қаламадым. Және фильмді әлі көрмесем де, Майкл кінәлі екенін жақсы түсіндім. Ал Майклдың Will you be there әні сол кезде маған арналып жазылған боп көрінді. Сонау жылдары жерді қорғау, кішіпейіл болу, нәсілге бөлінбеу, әлемді өзіңнен бастап өзгерту тақырыбына ертегідей әдемі дауысымен шырқаған адам қалай сондай оңбаған бола алады?..
Неге әлем айдан анық затты сол кезде байқамады? Неге Майкл кішкентай, АҚ, сүйкімді балаларды олар өскенге дейін бірге жүргеніне көз жұмды? Неге ол "иә, кішкентайлармен бір төсекте жатам" деген кезде оны бірден түрмеге қамап тастамады?

Әрине, деректі фильмнен кейін Майклдың зорлаушы екендігіне күмәнім қалмады. Бірақ оның музыкасымен қоштасатыныма әлі де күмән болатын. Қалай, қалай мен әлемдегі ең әсем әндерді басқа тыңдамайм деп айта алам?! Бірақ ол әндерді тыңдап Майклдың дарындылығына сүйсінбеу мүмкін емес болса, қалай мен оның музыкасын тыңдап жүре алам?!

Жауап күтпеген жерден келді. Ақпанда досым бір қорап кітап жіберген. Соның ішінде "Кішкентай өмір" кітабы болатын және кеше мен соны оқи бастадым. Кітап көлемді болғанымен, өте қызықты және тез оқылады (700 беттің екі күнде 270-ін оқыдым). Кітаптың кейіпкерлерінің бірі кішкентайынан жетім боп өсіп, талай ерлерден зомбылық көрген болады. Соның салдарынан ересек кезінде АСА бақытсыз боп өседі: өзіне сенбейтін, бәрінен қорқатын, қолын кесетін, ешкімге ашылмайтын болып. Бұл әрине барып тұрған зорлықтың зардап шеккеннің өмірі, бірақ зорлықты қалай деңгейге бөлуге болады? Және бөлу дұрыс па?

Сенесіз бе, мен бұл кітаптың желісін мүлде білмедім және ода осындай адам туралы болатынын оқығанда ғана білдім. Бірақ осы ауыр кітапты оқып отырып мен Майклды кешіре алмайтынымды түсіндім. Мейлі оны балалар жақсы көріп, сол кезде зорлықты сезінбеген болса да, Майкл өзі кішкентай кезінде әкесінен зорлық көрген, балалық шағынан айырылған гений болса да. Мейлі ол гей болғанынан ұялып, өзін қабылдай алмаған соң және ересектерден қорқып, өзін кішкентай бала деп сезінсе де. Кешіре алмайм. Ол адасқан адам емес.
Ол өзі зорлық көрген байқұс емес.
Ол ешкім түсінбей кеткен гений емес.
Ол, әрине, гений.

Бірақ енді ең бастысы: ол - педофил. Майкл талай баланың өмірлерін құртты.

Және тіпті кәзір бұл сөздер көзіме жас әкеледі!

Бұл мен үшін досыммен қоштасу сияқты. 
Осы тақырыпқа қазақтармен сөйлесу мағынасыз, себебі ешкім Майклды тыңдамайды және оның өнерін шынайы бағалауға ақылдары жетпейді. Сезімталдықтары, талғамдары жетпейді. 
Және олар үшін бүкіл әлем талқылап, шулап жатқан тақырып - күлкілі зат. Кейде өзімді бұл елде емес, басқа жақта туылған сияқты сезінем.

Қысқасы, мұңдымын. 

Comments

Popular posts from this blog

Ғашықтар. Ілияс Есенберлин.

Жарты жылда оқыған кітаптарым.